МӘЖІЛІС ДЕПУТАТТАРЫ САЙРАМҒА КЕЛДІ
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшелері У.Қайназаров пен Қ.Ержан Түркістан облысына арнайы келіп, Сайрам ауданына ат басын тіреді.
Өңірге жасаған жұмыс сапары барысында депутаттар аудан тұрғындарымен кездесіп, бірқатар нысандарды аралады.
Халық қалаулылары «Нұрым Групп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысымен танысты. Мекеме басшысы Сырым Ертаевтың айтуынша, бүгінгі таңда мал бордақылау алаңында 6000 бас ірі қара мал бордақылануда. 2 айналымда 1500 тонна ет дайындалып, экспортқа шығарылады. Бір жылдық табысы 3 млрд теңгені құрап отыр.
«Биылғы жылдың соңына дейін 10000 бас ірі қара мал және келер жылдың соңына дейін 20000 басқа дейін бордақыланады деп жоспарлап отырмыз. Бүгінгі күнге дейін 330,0 тонна қой еті, 2904,0 тонна ірі қара мал еті экспортталған. Серіктестікте 55 адам тұрақты жұмыспен қамтылған», — деген кәсіпкер ет өнімдерін экспорттау барысында кеденнен өтуде кезектіліктің ұзақтығынан көп уақыт жоғалтатынын жеткізді.
Өз кезегінде осы және өзге де мәселелер мен ұсыныстарды Мәжіліс депутаттары назарға алып, шешімін табуға ықпал ететінін айтты.
Сонымен қатар, қонақтар «АХБК» ЖШС тігін фабрикасының жұмысымен танысты. Жобаның құны — 1200,0 млн.тг. Бүгінде тігін фабрикасы арнайы форма, әскери киімдер және төсек-орын өнімдерін шығаруда. Фабрикада 110 азамат тұрақты жұмыспен қамтылған. Өнімдерді шығаруда толық отандық шикізаттар пайдаланылады.
Сонымен қатар, депутаттар Ақсукент ауылындағы 500 адам қабылдайтын аудандық емхана құрылысымен танысты. Қазіргі таңда нысан құрылысының 85 % аяқталып, ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Биылғы жылы қараша айында елдің игілігіне берілмек.
Сондай-ақ емхана құрылысымен танысқан депутаттар Ақсукент ауылы, Қ.Жандарбеков атындағы мәдениет үйінде Конституция күніне арналған мерекелік іс-шараға қатысып, аудан тұрғындарын мерекемен құттықтады. Депутаттар халыққа елордада партия Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың Төрағалығымен өткен «Nur Otan» партиясының Саяси кеңесі отырысының шешімдерін түсіндірді.
Жиында Парламент Мәжілісінің депутаты, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесі У.А.Қайназаровқа Сайрам ауданының өсіп өркендеуіне қосқан үлесі үшін Сайрам ауданының «Құрметті азаматы» куәлігі табысталды.
«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық
филиалының баспасөз-қызметі