Әлемнің жартысы қауіпте: ДДСҰ чикунгунья вирусы туралы айтты
Әлемнің жартысы қауіпте: ДДСҰ чикунгунья вирусы туралы айтты

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) маса шағуы арқылы таралатын чикунгунья вирусының індетке айналу қаупі бар екенін мәлімдеді, — деп хабарлады Tengrinews.kz тілшісі USNews мәліметіне сілтеме жасап.
«1 мамырдан бері Францияда чикунгунья вирусының 800-ге жуық әкелінген жағдайы тіркелді. Сонымен қатар елдің оңтүстігіндегі бірнеше өңірде жергілікті тасымалдау, яғни жұқтыру эндемиялық аймақтарға барусыз, жергілікті масалар арқылы тараған. Өткен аптада мұндай жағдай Италияда да тіркелді», — деді ДДСҰ өкілі.
Оның айтуынша, 119 елде тұратын шамамен 5,6 миллиард адам вирус жұқтыру қаупі бар аймақтарда өмір сүріп жатыр. Бұл вирус жоғары температура, буын аурулары мен ұзаққа созылатын асқынулар тудыруы мүмкін.
«Чикунгуньяға қарсы арнайы ем жоқ, ол көбіне Aedes түріндегі масалар арқылы таралады. Олардың қатарында денге мен зика вирустарын да тасымалдайтын жолақ масалар бар. Бұл масалар күндіз шағатындықтан, басты алдын алу шарасы — репелленттер қолдану және ұзын жеңді киім кию», — делінген мәліметте.

