Шымкент — қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің бірі
Шымкент — қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің бірі
Соңғы бес жылда өнеркәсіп өнімінің көлемі 492 млрд теңгеден 937 млрд теңгеге жетіп, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 58 мыңнан 110 мыңға өскен. Сонымен қатар қала экономикасына 2 трлн теңгеден астам инвестиция тартылып, бюджет көлемінің артуына ықпал еткен.
Биылғы 5 айда өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда инвестиция көлемі — 22 пайызға, құрылыс жұмыстары — 29 пайызға, пайдалануға берілген тұрғын үй алаңы — 73 пайызға, ал, бөлшек сауда көлемі 25 пайызға артқан.
Ендігі кезекте қаланың стратегиялық дамуына көп мән беруіміз қажет. Бірінші кезекте — қаланың бас жоспарын демографиялық өсім қарқынына байланысты қайта қарап, жаңадан әзірледік, — деді М.Әйтенов.
Қала басшысы шаһарда адами капиталдың дамуына да тоқталып, биыл 18 мектепті пайдалануға беріп, үш ауысымды мектеп мәселесін толығымен шешуді көздеп отырғанын жеткізді.
Ал «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында қалада 2026 жылға дейін 28 мың орынды 18 мектеп салыну жоспарланса, екі Оқушылар сарайының құрылысы басталып, оның біреуі биыл пайдалануға берілмек.
Денсаулық сақтау саласындағы басты мақсатымыз тұрғындарға сапалы қызмет көрсету екенін айтқан қала басшысы нәтижелі жұмыстардың қорытындысында жыл басынан жалпы өлім көрсеткіші 8%-ға, нәресте өлімі 20,6%-ға төмендеп, ана өлімі тіркелмегендігін жеткізді. Сондай-ақ жыл басынан бері Шымкентте 3 жаңа емхана инвесторлар есебінен пайдалануға берілген.
Халықты жұмыспен қамту шаралары бойынша жыл басынан 14 мыңнан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылса, жұмыспен қамту шаралары нәтижесінде әлеуметтік көмек алушылар саны өткен жылмен салыстырғанда 22 пайызға азайған.
Сонымен қатар Мұрат Әйтенов Шымкент қаласындағы инфрақұрылымды дамыту, құрылыс, цифрландыру және өзге де салалар мен бағыттар бойынша атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы жан-жақты баяндап өтті.
Өз кезегінде журналистер қауымы қала әкіміне өздерін қызықтырған сауалдарын қойып, оған толық жауап алды.