Үкімет отырысы бір минут үнсіздікпен басталды
Үкімет отырысы бір минут үнсіздікпен басталды
Премьер-Министр Әлихан Смайылов Абай облысындағы өртте қаза тапқандардың жақындарына көңіл айтты, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі.
Үкімет отырысы бір минут үнсіздікпен басталды.
«Өздеріңіз білетіндей, алапат өрт шығып, бірқатар елді мекенге қауіп төндірді. Тұрғындар эвакуацияланды. Семейде жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай режимі жарияланды. Өрт сөндіру шараларын бақылау үшін Мемлекет басшысы шетелге сапарын тоқтатты. Үйлестіру штабының отырыстары үнемі өткізіліп тұрады.
Өкінішке орай, адамдар қаза тапты, біз орман өртіне қарсы тұрған 14 адамнан айырылып қалдық. Үкімет атынан қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтамыз. Бір минут үнсіздікпен марқұмдардың рухына тағзым етуді ұсынамын», — деді Үкімет басшысы.
Еске салайық, 8 маусым күні тұтанған «Семей» орманы резерватындағы өртпен күреске жұмылдырылған 14 орманшы қаза болған еді. Абай облысы әкімінің орынбасары Димитрий Гариковтың айтуынша, өрт 2 рет түскен найзағайдан тұтанған.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Абай облысына барды.
12 маусым елімізде Аза тұту күні болып жарияланды.
Алапат өртпен күрес әлі жүріп жатыр. Үкімет қаза болған орманшылардың отбасыларына қандай қолдау шаралары көрсетілетінін мәлім етті.