Наталья Годунова: Министрліктер жауапкершілікті өңірлерге ысыра салуға бейім
Наталья Годунова: Министрліктер жауапкершілікті өңірлерге ысыра салуға бейім
Министрліктердің жауапкершілікті өңірлерге ысыра салуға деген ұмтылысы анық көрінеді. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Наталья Годунова айтты, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі.
«Өңірлік өзін-өзі қамтамасыз ету және ел азаматтарына тең жағдай мен мүмкіндіктерді қамтамасыз ету қабілеті әзірге іске асыру сатысында. Жергілікті бюджеттердің шығысын өз кірісімен жабу мүмкіндігі — 6,5-84 пайыз аралығында. Ал олардың даму деңгейі мен проблемаларының ауқымы да әртүрлі. Бұл ретте салық салынатын базаны кеңейтуге іс жүзінде ынталандыру жоқ. Қолданыстағы бюджетаралық қатынастар жүйесінің жетілмегені көрініп тұр. Бұның барлығы әлеуметтік жіктелу мен ішкі көші-қонның құбылуын күшейтіп, дамушы қалалардың инфрақұрылымына айтарлықтай ауыртпалық түсіреді», — деді Наталья Годунова.
Оның атап өтуінше, орталық мемлекеттік органдар өңірлердегі жетекшілік ететін бағыттарды жеткілікті деңгейде үйлестірмейді.
Жоспарлау және орындау жергілікті атқарушы органдарға берілген.
«Министрліктердің жауапкершілікті өңірлерге ысыра салуға деген ұмтылысы анық көрінеді. Тек биылдың өзінде 2 трлн теңгеден астам қаражат жалпы сипаттағы трансферт базасына берілді. Ал 2022 жылы олардың орындалуы көп сұрақ туғызды. Енді олар Жоғары аудиторлық палатаның бақылауынан мүлдем тыс қалды. Бұл ретте таяудағы үш жылда субвенция көлемі 3 есе өспек», — деді палата төрағасы.