Алматыда университетке тиесілі 3 жатақхана, 5 зертхана, стадион мен жер жекеменшікке өтіп кеткен

Алматыда университетке тиесілі 3 жатақхана, 5 зертхана, стадион мен жер жекеменшікке өтіп кеткен

El.kz
Фото: El.kz

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің ғалымдары оқу орнының есебінен шығарылған активтерді қайтару мәселесін көтерді. Бұл туралы ҚазҰАЗУ баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлады El.kz ақпарат агенттігі.

ҚазҰАЗУ баспасөз қызметі мәліметінше, жекеге өтіп кеткен активтерді қайтару мәселесі білім ордасының ғылыми кеңес барысында барлық жауапты қызметкерлер мен ғалымдардың қатысумен арнайы талқыланған.

Жоғары оқу орны ректорының инфрақұрылымды дамыту және әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Қуат Сұлтанғазиевтың баяндауынша, шығарылған активтер құрамында 1000 орындық 3 студенттік жатақхана, жалпы ауданы 18828,5 шаршы метрді құрайтын 5 оқу-зертханалық корпус, жалпы алаңы 1,8 га болатын жаттығу-спорт кешені бар 1 стадион, жалпы ауданы 700 шаршы метр болатын әкімшілік ғимараттар мен басқа да жылжымайтын мүлік объектілері бар.

Сонымен бірге аумағы гектармен өлшенетін бірнеше жер учаскелері де университет меншігінен жекеменшікке өтіп кеткен. Мәселен, жалпы ауданы шамамен 5 гектарды құрайтын университет ғимаратының жанындағы жер учаскелері мен 12 га болатын Алматы облысының Талғар және Еңбекшіқазақ аудандарында орналасқан университеттің оқу-тәжірибе шаруашылықтарына қажетті жер аумағы да білім ордасының есебінен шығарылған,- дейді Қуат Сұлтанғазиев.

Сондай-ақ ғылыми кеңесте оқу орнының иелігінен ертеректе шығарылған жылжымайтын мүлік тізімі жарияланды:

— Алматы қаласы Назарбаев даңғылы, 176 мекенжайында орналасқан «Агрономия» факультетінің студенттік жатақханасы тұрғын үйге айналдырылған және жеке тұлғалар жекешелендіріп алған;

— Абай даңғылы, 30 мекенжайындағы «Зооинженерия» факультетінің жалпы аумағы 4 047 шаршы метр студенттік жатақханасы;

— Абай даңғылы, 26а мекенжайындағы «Зооинженерия» және «Ветеринария» факультеттерінің лабораториялық оқу ғимараттары, жалпы көлемі – 10 431 шаршы метр;

— Бостандық ауданы Сәтпаев көшесі, 7а мекенжайындағы «Зооинженерия» факультетінің жалпы көлемі 1 684,6 шаршы метр жатақханасының бір бөлігі, 0,3076 га жер телімімен қоса;

— Абай даңғылы, 8а мекенжайындағы «Ауыл шаруашылығын электрофикациялау» факультетінің оқу ғимараты, жер телімімен қоса 14.12.2001 жылы №2032 сату-сатып алу келісімшарты бойынша Халықаралық бизнес университетіне (UIB) жекеменшікке берілген;

— Абай даңғылы, 8-8 мекенжайындағы «Ауыл шаруашылығын механизациялау» факультеті оқу ғимаратының бір бөлігі, жалпы аумағы 997,5 шаршы метр, 0,0388 га жер телімімен қоса 06.06.2001 жылы «ҚР Үстел теннисі федерациясы» ҚБ-іне №1963 мемлекеттік меншікті сату-сатып алу келісімшарты бойынша жекеменшікке берілген;

— Абай даңғылы, 28 мекенжайындағы жалпы аумағы 1 206,0 шаршы метр. стадион (спорт залымен) және 1,8051 га жер телімімен қоса 2007 жылы «ИРИДА ИНВЕСТ» ЖШС-іне кейіннен иеліктен шығару мақсатымен сенімді басқаруға берілген;

— Сондай-ақ 2006 жылы Алматы қаласы Абай даңғылы, 28 мекенжайында орналасқан оқу-әкімшілік ғимараттарының, аяқталмаған құрылыс нысандары мен аумағы 0,9051 га болатын жер телімі де осы жауапкершілігі шектеулі серіктестік құрамына өткен.

Сонымен бірге университет аумағында «РАМС-Қазақстан» ЖШС 2021 жылы көпқабатты тұрғын үй құрылысын бастаған. Бұл заңсыз құрылыс Алматы қаласы әкімінің шешімімен тоқтатылды,- деп атап өтті Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің баспасөз қызметі.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *