РӘМІЗДЕР КҮНІ: «КӨНЕ САУРАН ҚАЛАШЫҒЫНАН — КИЕЛІ ТҮРКІСТАНҒА» АТТЫ АВТОШЕРУ ӨТТІ
РӘМІЗДЕР КҮНІ: «КӨНЕ САУРАН ҚАЛАШЫҒЫНАН — КИЕЛІ ТҮРКІСТАНҒА» АТТЫ АВТОШЕРУ ӨТТІ
Сауран ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен 4 маусым — ҚР Мемлекеттік Рәміздер күніне орай, «Көне Сауран қалашығынан – киелі Түркістанға» атты көк байрақты автошеру ұйымдастырылды.
Шараға Сауран ауданына қарасты дербес бөлімдер, ауылдық округтер, мемлекеттік мекемелер, білім, денсаулық саласының қызметкерлері белсенді қатысты.
Автошеру Сауран қалашығынан басталып, Түркістан облысының 5 жылдығына орай Түркістанда өтіп жатқан «Өнерлі өлке» облыстық фестивалі аясында Сауран ауданының мәдени күндерімен жалғасты.
Мерекелік шарада ҚР Мемлекеттік рәміздері ұлықталып, жиынға келген көпшілік Әнұранды қосыла шырқап, рәміздерге құрмет көрсетті. Жиында Сауран ауданының әкімі Ғалымжан Үсенбаев мерекелік шараға жиналған қауымды Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтады.
— Мемлекеттік рәміздер — бұл кез келген мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін, әлем алдындағы өзінің әлеуетін көрсетер мызғымас негіздерінің бірі. Ендеше, азат елдің айбынды нышаны саналатын рәміздерімізді құрметтеп, қастерлей білу — бүгінгі және ертеңгі ұрпақтың парызы, басты міндеті деп білемін. Баршаңызды мемлекеттік рәміздер күнімен шын жүректен құттықтай отырып, еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, Елтаңбамыз — еңселі, Туымыз — тұғырлы, мемлекеттік Әнұранымыз — айбынды болсын , — деді аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаев.