Мәмлүктанушы: Байбарыс деп дұрыс айтуымыз керек

Мәмлүктанушы: Байбарыс деп дұрыс айтуымыз керек

Мәмлүктанушы: Байбарыс деп дұрыс айтуымыз керек

Бейбарыс па, Байбарыс па? Мәмлүктанушы Қайрат Сәки Байбарыс деп дұрыс айту және жазу – тарихи шындықты қайта қалпына келтiру ғана емес, оның әруағына деген құрмет деп санайды, деп хабарлады BAQ.KZ тілшісі Каирден.

Тарихи әдiлеттiлiктi орнату тек жалпыда ғана емес, жалқыда да болу керек деген уәждi басшылыққа алсақ, сұлтан Байбарыс есiмiнiң елiмiздiң БАҚ арқылы да, ауызекi тiлде де бұрмаланып, қате түрде айтылып және жазылып келе жатқандығы – өкiнiштi жайт. Сұлтан есiмiнің «Бейбарс» деп бұрмаланған нұсқасы қазақ тіліне орыс тілі арқылы енген.

Мәселен, В.Тизенгаузеннiң 1884 жылы жарық көрген «Сборник материалов, относящихся к истории Золотой Орды» еңбегiнде «Бейбарс» деп жазылған.

Бірақ В. Тизенгаузен: «За правильность многих других татарских имен я не ручаюсь вследствие страшной неурядицы, которую мы находим в этом отношении у различных писателей или, правильно, в различных рукописях, передающих имя одного и того же лица на всевожможные лады. Установление настоящей имени каждого из этих лиц будет зависеть уже от дальнейших разысканий», – деп бұл мәселені бізге қалдырған, — деді Қайрат Сәки.

Ғалымның түсіндіруінше, «бай, бек, би және бей сөздерiнiң түбiрi бiр» екенін, алайда қазақ тiлiнде жүзден астам «бей»-ден басталатын сөздердiң көпшiлiгi парсы тiлiнен енген «бей — терiске шығару» қосымшасының көмегiмен жасалған сөздер екенін алға тартады.

1245 жылы Мысырда жазылған «Қыпшақ-араб сөздігінде» Байбарыс. Сөздікте Байбарыс сөзінің бірінші буыны «бай» (бай ол кезде бек мағынасында жұмсалған) арабша «амир», ал «барыс» сөзі «фаһд» дегенді білдіреді деп, «амир фаһд» деген екі сөзден тұрады деп жазылған.

Араб тілді мұсылман тарихшылары Байбарыс сұлтанның атын жіктеп мағынасын ашып жазып кеткен. Араб тілінде ай дифтонгы ауызекі тілде ей деп оқылғанымен (шейх, сейд, Бейбарс), әдеби классикалық тілдің нормасы бойынша шайх, саид, Байбарс деп оқылуы тиіс. Байбарыс есіміндегі бай сөзі қыпшақ мәмлүктер кезінде әмір, бек деген мағынаны білдірген. ХІІІ ғасырда бай, би, бек деген сөздердің аражігі ашылмаған, бай сөзі дәулетті деген мағынаны білдірмеген, – дейді Сәки.

Мәмлүк қыпшақтар заманын айтпағанда, олардан кейін 300 жыл өткенде бей сөзі емес, бай сөзі осман билігі кезінде әкімшілік мансапты да білдірген. Бей сөзі араб тілінен түрік тіліне қайта кірген бай деген түркі сөзінің ауызекі формасы болуы әбден ықтимал. Египетте білім алғандар, ұзақ тұрғандар бей сөзінің әлі де кең қолданыста екендігін растайды деп ойлаймын.

Айтуынша, тұжырымдай келе, сұлтанның дұрыс аты Байбарыс екені даусыз деп санаймыз.

Бiрiншiден, ХІІІ ғасырда бай, бек, би сөздерінің мағыналық аражігі ашылмаған, бай сөзі дәулетті деген мағынаны емес, бек, бірінші, басты, бас деген ұғымды білдірген;

Екіншіден, сол кездегi қыпшақ, жалпы алғанда түркi есiмдерiн зерттеп қарағанда бай сөзi, көбiнесе ХIХ-ХХ ғасырлардағыдай емес, адам атының басында келiп отырған. Мысалы, Байбарыстың замандастарының аттарын ғана мысалға келтiрсек: Байғара, Байдара, Байтуған, Байтемiр, Байсары және т.б.

Үшіншiден, ортағасырлық тарихшылардың басым көпшiлiгi өз еңбектерiнде сұлтанның атын Байбарс деп көрсетiп отырған.

Төртіншіден, ғылыми қолданыста, оның ішінде ағылшын, француз, немiс тiлдерiндегi еңбектерде Baіbars, Baybars деп жазылады.

Бесіншіден,бей сөзі кең қолданыстағы түрік тілінде сұлтанның аты Baybars деп жазылады. Қорыта келгенде, қазақ даласының перзентi сұлтан Байбарыс түркiнiң қара шаңырақ иесi Қазақстан үшiн бұл күндерi беймәлiм Бейбарс емес, өз заманының және кейiнгi тарихшылардың еңбектерiнен өзiне лайық орын алған, дін жолында күрескен, тарихта терең iз, артына мол материалдық мұра қалдырған даңқты тарихи тұлға. Сондықтан сұлтан есімін дұрыс айту және жазу – тарихи шындықты қайта қалпына келтiру ғана емес, оның аруағына деген құрмет пен тағзым белгiсi деп санаймыз, – деп атап өтті Қайрат Сәки.

BAQ.KZ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *