ТҮРКІСТАН: МӘЖІЛІС ДЕПУТАТТАРЫ АПТА БОЙЫ 130-ДАН АСТАМ КЕЗДЕСУ ӨТКІЗІП, ЕЛ ӨТІНІШІН ТЫҢДАЙДЫ
ТҮРКІСТАН: МӘЖІЛІС ДЕПУТАТТАРЫ АПТА БОЙЫ 130-ДАН АСТАМ КЕЗДЕСУ ӨТКІЗІП, ЕЛ ӨТІНІШІН ТЫҢДАЙДЫ
Түркістан облысына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары жұмыс сапарымен келді. Олар бір апта бойы өңірдегі 17 аудан, қаланы аралап, тұрғындармен кездеседі. Бүгін Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Арман Жетпісбай халық қалаулыларымен кездесіп, өзекті мәселелерді сөз етті.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Түркістан қаласын дамытудың бірінші кезеңі аяқталып, инфрақұрылымы толық қаланғанын мәлімдеді. Түркістан облысын дамытудың кешенді жоспарына сәйкес аудан, қалаларда, елді мекендерде тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді.
Депутаттар – Дархан Мыңбай, Қайнар Абасов, Ержан Құдайберген және Сырым Ертаев облысқа келудегі мақсаттарына тоқталды. Олар ауыл шаруашылығы, ауыз су, ағын су, газ мәселесін реттеу, индустриалды аймақтарды дамыту, елдің әлеуметтік жағдайын көтеру бағытындағы жоспарларды талқылады.
– Біз іссапарымызда дайын кәсіпорындар емес, проблемасы бар аумақтарды аралап, тұрғындармен кездесуді жоспарлап отырмыз. Өзекті мәселелерді көзбен көріп, шешу жолдарын қарастырамыз. Мақсатымыз – өңір тұрғындарының өтініштерін тыңдау, Түркістан облысын дамыту бағытындағы жобалардың жүзеге асырылуына заңдық негізде көмектесу. Бірлесіп жұмыс атқарылса ғана іс алға басады, – деді Дархан Мыңбай.
«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев Мәжіліс депутаттары барлық аудан, қалада 130-дан астам кездесу өткізіп, қоғамдық қабылдаулар ұйымдастырылатынын жеткізді. Қоғамдық қабылдаулар кестесі партия филиалдарының әлеуметтік желідегі парақшаларына жарияланғанын мәлімдеді. Сонымен бірге Жол картасына енгізілген жобалардың іске асырылу барысы да талқыланатынын айтты.
Арман Жетпісбай Парламент және үкімет деңгейінде шешілетін мәселелер бойынша ақпарат алмасып, депутаттармен бірлесе жұмыс атқарылатынын атап өтті.
– Бәріміздің мақсатымыз – ел сенімін ақтау, ҚР Президентінің тапсырмаларын орындау арқылы Түркістан өңірін дамыту, – деді ол.
Мәжіліс депутаттары одан кейін Түркістан облыстық және Түркістан қалалық мәслихатындағы «Nur Otan» фракциясының депутаттарымен пікір алмасқан соң өңір жұртшылығымен кездесулерді бастап кетті.