Құрылыс компаниялары баспана бағасын негізсіз көтере алмайды – жаңа жүйе енгізілді

Құрылыс компаниялары баспана бағасын негізсіз көтере алмайды – жаңа жүйе енгізілді

Мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер үшін шекті баға белгілеу жоспарланып отыр
 Елде «Е-Құрылыс» ақпараттық жүйесі әзірленді, деп хабарлады Sputnik.кз Индустрия және инфрақұрылымдық даму министірлігіен сілтеме жасап.
Цифрлық жүйе қазаншұңқыр қазудан бастап пайдалануға бергенге дейінгі құрылыс процесін онлайн-режимде бақылауға мүмкіндік береді. Оған мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдары қосылып, техникалық қадағалаушылар мен инженерлік-техникалық қызметкерлердің тізімі жүктелген. Сондай-ақ, техникалық қадағалаушылардың есептері жарияланып отырады.
«Қазіргі кезде «Е-Құрылыс» жүйесінде әрбір нысанда жүрген техникалық қадағалау сарапшыларын бақылап, олардың бір уақытта бірнеше өңірде қызмет көрсетуіне тосқауыл қоюға мүмкіндік бар. Сондай-ақ, құрылыс жұмыстары жобадан ауытқып кетсе немесе жұмыс толық көлемде орындалмаса, қабылдамайды», — дейді министрлік мамандары.
Ал құрылыс жобаларының сметалық құнын жасанды жолмен көтеру тәуекелдерін азайту мақсатында «Онлайн калькулятор» жүйесі әзірленген. Ол нысанның орналасқан жері мен техникалық өлшемдеріне қарай жобаның шекті мәнін автоматты түрде есептейді.
«Сондай-ақ, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын әлеуметтік объектілер және тұрғын үйлер үшін шекті құнын белгілеу жоспарланып отыр. Яғни, құрылыс шығыны шектеулі болады», — делінген ресми хабарламада.
Аккредиттеу бойынша мемлекеттік қызметтердегі (жобаларды басқару, техникалық қадағалау мен техникалық зерттеу) сыбайлас жемқорлық тәуекелдері де жойылған. Олар толығымен автоматтандырылған. Ал нәтижесі 20 минут ішінде компьютер арқылы беріледі.
Бұған қоса, құрылыс жұмыстарына лицензия беру кезінде енді тікелей байланыс болмайды. Техникалық қадағалау, тексеру және жобаларды сараптау бойынша мамандарды аттестаттаудың бірыңғай жүйесінде тестілеу функциясы енгізілген. Онда сынақтан өтетін адамды ауыстыруға жол берілмейді және тестілеу нәтижелеріне бөгде ешкім әсер ете алмайды.
Биыл осы процесті толығымен автоматтандыру жоспарланған. Қосымша рұқсат беру құжаттары бойынша мемлекеттік функцияларды (лицензия беру, аттестация мен аккредитация) өзін-өзі реттеу саласына беріледі. Бірақ міндетті түрде сақтандыру тетігі болады. Бұл дегеніміз, өз қызметін өздері реттейтін ұйымдар мамандарды аттестациялап, лицензиялар береді және олардың қызметі үшін жауапты болады.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *