ТҮРКІСТАН: МАҚТААРАЛДА 1200 ОРЫНДЫҚ МЕКТЕП ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

ТҮРКІСТАН: МАҚТААРАЛДА 1200 ОРЫНДЫҚ МЕКТЕП ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ
Түркістан облысы, Мақтаарал ауданының орталығы – Мырзакент кентінде 1200 орындық мектеп пайдалануға берілді. Аталған нысанның жобалық-сметалық құжаттамасы бойынша елімізде бірде-бір мектеп салынбаған. Яғни, ешқандай баламасы жоқ. Бүгінде мұнда мырзакенттік оқушылар білім алып жатыр.
Білім ұясының алаңы 2,7 гектарды құрайды. Ішкі спорт залында көрермендердің тамашалауына арналған 200 орын бар. Ал мектептің асханасы 420 орынға арналған. Мұндай үлкен спорт зал мен асхана Мақтааралдың мектептерінде бұған дейін болмаған. Сыртқы ауласында орналасқан футбол алаңы мен волейбол, баскетбол алаңдары да үлкендігімен ерекшеленеді.
– Мектептің ішкі көрінісі толықтай қазақы дизайнмен көмкерілген. Спорт залында елімізге белгілі спортшылардың суреттері салынған. Спорт залы 2-қабатта болса, көрермендерге арналған орындар 3-қабатта орналасқан. Яғни, көрермендер еш кедергісіз түрлі спорттық сайыстарды биіктен тамашалай алады, – дейді ауданның сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Бижан Анарбеков.
Білім ұясының кітапханасында 10 мыңға жуық кітап қоры бар. Электронды кітаптарды оқуға да мүмкіндік қарастырылған. Физика, химия, информатика кабинеттерін, мультимедиялық және лингафондық кабинеттері соңғы үлгідегі технологиялармен жабдықталған. Жалпы мұнда оқушылардың спорт, өнер және қолөнер үйірмелеріне қатысып, өздерін қосымша дамытуға барлық жағдайлар қарастырылған.
Нысанның сыртқы көрінісіне, жарықтандыру, абаттандыру жұмыстарына да ерекше көңіл бөлінген. Мектеп балаларға білім нәрін беріп қана қоймай, Мырзакент кентінің сәулеттік келбетіне көрік қосып тұр.
Айта кетейік, облыстық құрылыс басқармасының тапсырысымен бас мердігер «АРТ-Құрылыс» ЖШС тарапынан құрылысы нысан үшін ҚР Үкіметі резервінен 2,3 миллиард теңге қаржы бөлінген болатын. Өткен 2021 жылы Мақтаарал ауданында жалпы 13 мектептің құрылысы жүріп, оның 8-і пайдалануға берілді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *