АЛИК ШПЕКБАЕВ: РУХАНИ МЕКЕНДЕ ҚЫЗМЕТ ЕТУДІҢ ӨЗІ ЗОР МӘРТЕБЕ
Қасиетті жұма күні киелі Түркістан өңіріне жұмыс сапарымен келген ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев облыс әкімдігі жанынан құрылған Жобалық кеңсенің жұмысымен танысты. Кеңсенің негізгі мақсаты мен бағыт-бағдары жайлы Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев мәлімдеді.
Жобалық кеңсе 5 негізгі базалық бағытта, яғни инфраструктураның дамуы, адами капитал, кәсіпкерлік және индустрия, агроөнеркәсіп кешені және мемлекеттік сектор, мемлекеттік қызмет көрсету мен қауіпсіздік негізінде жұмыс істейді. Кеңсеге келушілер аталған 5 бағыт бойынша өздерінің жобаларын ұсынады, ал ұсынылған тиімді жобалар рухани мекенді дамыту үшін қолданылады. Бүгінде 1300-ден аса жоба жиналып, қаралу үстінде.
Жобалық кеңесенің басты мақсаты — қағазбастылықты азайту, кәсіпкерлік саласындағы әкімшілік кедергілерді жою, мемлекеттік бағдарламаларды орындауда туындаған мәселелерді жылдам шешу. Өңірлік кеңсенің жұмыс барысын және жұмыс жоспарының жүзеге асырылуын Жобалық кеңсенің бас менеджері Махин Асхат кеңінен баяндап берді.
Жобалық кеңсенің негізгі бағытымен жіті танысқан Алик Жатқамбайұлы кеңсе жұмысының әрі қарай өрлеуіне тілектестік білдіріп, жиналған қауымға Рухани мекенде қызмет етудің өзі зор мәртебе екенін алға тартып, қызметті адал және әділетті атқаруға шақырды.
Айта кетерлігі, бұл жоба — Үкімет басшысының жергілікті атқарушы органдардағы Жобалық басқару жүйесін құру туралы тапсырмасы аясында жүзеге асырылып отыр.
Сонымен қатар, Агенттік төрағасы Түркістан облысы әкімдігі мен әкімінің және аудан әкімдерінің әлеуметтік желідегі жеке парақшаларымен танысты. Ондағы халықтың сауалы мен уақытылы берілген жауаптарды көріп, орнатылған кері байланысқа жоғары бағасын берді. Түркістан облысы әкімдігіне қарасты әлеуметтік парақшалардың ашықтығын атап өтті.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі