ТҮРКІСТАН: ТӨЛЕБИ АУДАНЫНДА БИЫЛ 6 МЕКТЕП САЛЫНАДЫ
Төлеби ауданында мектеп жетіспеушілігінің сезілуіне айланысты халқы тығыз орналасқан елдімекендерде 6 білім ұясы салынатын болады. Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметінің ауданға ұйымдастырған пресс-туры барысында БАҚ өкілдері жаңадан бой көтеріп жатқан Киелітас ауылындағы «М.Әуезов» атындағы жалпы орта мектебінде болып, құрылыс жұмыстарымен танысты.
Аталған білім ұясының жобасында акт зал, спорт зал, асхана, шеберхана, кітапхана салу жоспарланған. Нысанның конкурстық құны 324 млн. 985,5 мың теңгені құрайды. Жоспар бойынша мектеп жаңа оқу жылына қарай пайдалануға берілетін болады. Қазіргі таңда, абаттандыру, құрал-жабдықтарды орнату, ішкі және сыртқы тазалық жұмыстары жүргізілуде.
Сондай-ақ, заманауи үлгідегі мектептің бірі Леңгір қаласында салынады. Ондағы №1 мектеп-гимназиясына 300 орындық оқу блогы, асхана, шеберхана, спорт зал, акт зал, кітапхана қарастырылған. Жобаның құны 803 млн. 932, 2 мың теңге.
Сонымен қатар, аудан орталығындағы №5 мектеп гимназиясына оқу блогы, асхана, спорт зал, кітапхана және шеберханамен қамтылған жаңа ғимараттың құрылысы жүргізілуде. Жобаның жалпы құны 429 млн. 066, 9 мың теңге.
Ал, Ақбастау ауылында 200 орындық орта мектебінің құрылыс жұмыстары басталды. Нысанның құны 701 млн. 680, 5 мың теңгені құраған. 2019 жылға облыстық бюджеттен құрылыс-монтаж жұмыстарын бастауға 200 000,0 мың теңге қаралды. Бүгінгі күнде, нысанның жер қазу жұмыстары жүргізілуде.
Одан бөлек, Көксәйек ауылында 100 оқушы шақталған бастауыш мектебі бой көтереді. Құрылыс жұмыстарының конкурстық құны 257 млн. 213, 9 мың теңгені. 2019 жылға аудандық бюджеттен құрылыс-монтаж жұмыстарын бастауға 50 000,0 мың теңге қаралды.
Ауданда салынатын алтыншы нысан Аққұм ауылына тиесілі. Қ.Тыныбеков атындағы орта мектебіне спорт зал салынатын болады. Құрылысы жұмыстарының конкурстық құны 164 млн. 173, 6 мың теңге. 2019 жылға аудандық бюджеттен құрылыс-монтаж жұмыстарын бастауға 50 000,0 мың теңге қаралып отыр. Мердігер мекеме «Құрылыс-сервис-СК» ЖШС-і.
Айта кетейік, жалпы ауданда 67 мектеп бар. Онда 25900-ден астам оқушы білім алып келеді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі