ТҮРКІСТАН: ӨҢІРДІ ГАЗДАНДЫРУ ЖҰМЫСЫ – ҚАТАҢ БАҚЫЛАУДА
ТҮРКІСТАН: ӨҢІРДІ ГАЗДАНДЫРУ ЖҰМЫСЫ – ҚАТАҢ БАҚЫЛАУДА
Түркістан облысында құрылысы аяқталған 300-ге жуық газбен қамтамасыз ету нысанын коммуналдық меншіктен республикалық меншікке өткізу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Облыстағы бюджет есебінен құрылысы аяқталған газ нысандарын «КазТранГаз» АҚ-ның теңгеріміне өткізу мәселесі Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен апталық аппарат отырысында талқыланды.
Облыс әкімі бұл жұмыстарды жыл соңына дейін аяқтауды тапсырды. Тапсырманы орындамағандарға қатаң тәртіптік шара қаралады. Жаңа газ нысандары табиғи газ қосылғаннан кейін ғана қабылданады. Сонымен бірге Түркістан, Кентау қалалары мен Сарығаш ауданы тұрғындарын газбен қамтамасыз ету мәселелері ортаға салынды.
Жиында Түркістан қаласындағы әкімшілік-іскерлік орталығындағы көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы және кредиттік тұрғын үйлердің сатылуы жайлы соңғы мәліметтер де баяндалды. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев пайдалануға берілер алдында барлық тұрғын үйлер ауыз су мен жарық, жылуға толық қосылуын қадағалауды қатаң тапсырды.
Соңғы екі тәулікте Түркістан облысында коронавирус инфекциясын жұқтыру жағдайы тіркелмеді. Өңірде КВИ жұқтыру өсімі тоқтаған. Эпидемиологиялық ахуал айтарлықтай жақсарған. Аппарат отырысында облыс аумағындағы коронавирус инфекциясы мен санитарлық-эпидемиологиялық жағдайы, мобильді топтардың жұмыстарының нәтижелері туралы баяндалды.
Инфекциялық төсек-орындар саны едәуір қысқартылып, күнделікті тіркеліп отырған науқастар саны азайған. Бұл деректер бойынша Түркістан облысы елімізде соңғы қатарда. Ал, коронавирусқа қарсы вакцинация қарқыны бойынша республикада жоғары деңгейде. Ревакцинация жұмыстары қарқынды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі