ТҮРКІСТАН: 10 ЖЫЛДЫҒЫН АТАП ӨТКЕН «МАҚТААРАЛ» ФУТБОЛ КЛУБЫ ПРЕМЬЕР-ЛИГАҒА ЖОЛДАМА АЛДЫ

ТҮРКІСТАН: 10 ЖЫЛДЫҒЫН АТАП ӨТКЕН «МАҚТААРАЛ» ФУТБОЛ КЛУБЫ ПРЕМЬЕР-ЛИГАҒА ЖОЛДАМА АЛДЫ
Биыл Түркістан облысының футбол командалары жанкүйер сенімін ақтады. Солардың бірі – «Мақтаарал» футбол командасы. Жігерлі әрі жас команданың құрылғанына 10 жыл толуына орай Мақтаарал ауданында салтанатты іс-шара өтті. Онда Мырзашөл өңірінің футболшыларына құрмет көрсетілді.


«Мақтаарал» футбол клубы 2021 жылы бірінші лига командалары арасындағы Қазақстан біріншілігінде 22 ойын өткізіп, 14 кездесуде жеңіске жетті. 4 рет тең түсіп, 4 рет қарсыласқа есе жіберді. Нәтижесінде турнир кестесі бойынша 46-ұпаймен 2-ші орынды жеңіп алды. Осылайша Түркістан ауданның командасы премьер-лигаға жолдама алды. Әрине, бұл шағын ғана ауданның тұрғындары үшін өте үлкен қуаныш.
Салтанатты жиын Түркістан облыстық футбол федерациясының президенті Хаким Көшқалиев Қазақстанның футбол тарихында ауданнан шыққан команданың премьер-лигаға шығуы өте үлкен жетістік екенін мәлімдеді. Сондай-ақ ол аз ғана бюджетпен үлкен шыңды бағындырған команданың жетістігінде аудан басшылығының футболды қолдауға деген дұрыс көзқарасы жатқанын, Мақтааралда футболға деген жағымды атмосфера қалыптасқанын тілге тиек етті.


ҚР Футбол федерацясының Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы марапаттауға келген өкілдері «Мақтаарал» футбол клубының ойыншыларына күміс медаль тағып, премьер-лигаға ресми түрде жолдама берді. Іс-шарада сөз сөйлеген аудан әкімі Бақыт Асанов алда клубтың бюджетін қайта қарау, стадионын талапқа сай ету, жалпы футболға республикалық деңгейде жағдай жасау секілді бірқатар міндеттер тұрғанын айтты. Айта кетейік, «Мақтаарал» футбол клубы 2011 жылы сол кездегі аудан әкімі Серік Тұрбековтың бастамасымен құрылған болатын. Марапаттау рәсіміне ол азамат та шақырылып, футболшыларға табыс тіледі.


Тағы бір айта кетерлігі, бірінші және екінші лига клубтарының 2006 жылы туған жасөспірімдері командалары арасындағы футболдан ел біріншілігінде жергілікті «Мақтаарал» командасы ІІІ орынға қол жеткізді. Аталған команданың ойыншыларына да қола медаль табысталды. Бұл – атакенттік клубтың дұрыс бағытта келе жатқанының белгісі. Осы жасөспірімдер мен жастар алдағы 3-4 жылда «Мақтаарал» командасының негізгі құрамында жасындай жарқырайды деген сенім мол.


Түркістан облысында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің қолдауымен футболды дамытуға қолайлы жағдай жасалып келеді. Түркістанда «Тұран» футбол командасының академиясы салынып жатыр. Мұнда футболды дамытуға барлық жағдай жасалмақ. Өңір басшысы жуырда «Мақтаарал» футбол клубының бапкерлері мен ойыншыларымен кездесіп, сәттілік тілеп, қолдау көрсетілетінін айтқан болатын. Ойыншылар премьер-лигаға шығу үшін бар күштерін салатынын мәлімдеген. Сенім ақталып, «Мақтаарал» кіл мықтылармен ойнауға мүмкіндік алып отыр. 10 жылдық мерекесінде жанкүйерлерге тамаша сый жасаған «Мақтааралдың» мақсаты биік.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *