АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ САЛАСЫНДА 17 ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБА ІСКЕ АСТЫ
АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ САЛАСЫНДА 17 ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБА ІСКЕ АСТЫ
Қаланың ауылшаруашылығы саласында жалпы өнімнің нақты көлем индексі биылғы жылдың тоғыз айында 101,6%-ға орындалып, 34,1 млрд. теңгеге жеткен. Өнім экспортының көлемі 103,2%-ға, еңбек өнімділігі – 107,5%-ға артып, негізгі капиталға бағытталған инвестиция 4,2 млрд. теңгеге жеткен. Бұл туралы қала әкімі Мұрат Әйтеновке берген есебінде қалалық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы А.Қаныбеков баяндады.
Егістік алқабы 29 мың гектардан асып, жылыжай көлемі 204 гектарға жеткен. Биылғы жылы 2,6 млрд теңгеге 2 жылыжай кешендері іске қосылды.
Ауыл шаруашылығы саласында 7,6 млрд. теңге болатын 17 инвестициялық жоба іске асырылып, 248 жұмыс орындары ашылған. Оның ішінде 9 жылыжай кешендері, 3 тауарлы сүт фермасы, 7 мал бордақылау алаңы, 2 балық шауашылығы, 2 ауыл шауруашылығы өнімдерін өңдеу кәсіпорны іске қосылған, бір құс шаруашылығының өндірістік қуаты артқан.
Бекітілген жоспарға сәйкес, жалпы құны 16,3 млрд. теңгені құрайтын 28 инвестициялық жобаны іске асыру көзделген. Нәтижесінде қосымша 1,5 мың адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады.
Азық-түлік өнімдеріне баға тұрақтылығын сақтау бағытында заманауи үлгідегі 6 қоймаға қосымша 4 жаңа қойма ашылып, қала бойынша барлығы 10 қойма көтерме-тарату орталықтары міндетін атқарады. Нәтижесінде өндірілген өнімдер делдалдық қызметтің қатысуынсыз сауда орталықтарына жеткізіледі. Бұл бағытта онлайн сауда желісін жолға қою көзделген.
Басқарма тарапынан үй іргелік жерлерді тиімді игеру, кооперацияларды дамыту бастамалары қолға алынбақ. Бұл жобалар халықты жұмыспен қамтуға, тұрғындар табысын артыруға серпін береді.
Ауыл шаруашылығы саласындағы жұмыстың тағы бір тың бағыты – бұл жаңа технологияларға негізделген мал азығы өндірісін ашу. Бұл бағытта бір жылда 4 мәрте өнім алуға мүмкіндік беретін гидропоника әдісін кеңінен енгізу мүмкіндіктері қарастырылуда.
Жиынды қорытындылаған қала басшысы ауыл шаруашылығы саласы азық-түлік қауіпсіздігіне жауап беретін құрылым екенін айтты. Ауыл шаруашылық өнімдерін өңдеудің маңыздылығына тоқталып, азық-түлік өндірісін дамыту бойынша бірқатар тапсырмалар берді.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі