ТҮРКІСТАН: «ЖЕТІКӨЛДЕ» БАЛЫҚ АУЛАУДАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТУРНИР БАСТАЛДЫ

ТҮРКІСТАН: «ЖЕТІКӨЛДЕ» БАЛЫҚ АУЛАУДАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТУРНИР БАСТАЛДЫ

ҚР «Спорттық балық аулау» Федерациясы мен Түркістан облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен қайықтардан спиннинге балық аулау бойынша «Turan fest» халықаралық турнир басталды. Отырар ауданы «Жетікөл» балық аулау аймағында ұйымдастырылған халықараралық жарысқа 12 елден, атап айтқанда, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан елдерінен келген спортшылар бақ сынайды.


Жарыс өтіп жатқан Жетікөлде «Көлдер жүйесін жаңғырту» жобасы аяқталған соң, Түркістан қаласының экологиялық жағдайын жақсартып, шағын-орта бизнесті және туризмді дамытуға жол ашылады, қосымша 300 млн.куб метр су жиналады. Бұл жер ерекше қорғауға алынып, рекреациялық аймақ атанады. Ағаштар егіліп, орман алқаптары көбейеді. Микроклиматы жақсарып, халық демалатын орын болады.


Салтанатты ашылу іс-шараны ашып берген Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов балық аулау туризмінің ұлттар мен мемлекеттердің бір-біріне деген достық қарым-қатынасының нығаюын, кәсіп көзі мен мәдени байланыс орнатуға тамаша мүмкіндік беретінін атап өтті.


«Шежіре мен аңызға толы, табиғаты бай Түркістан облысына қош келдіңіздер! Халықаралық деңгейде ұйымдастырылып отырған шара туризмнің кең қанат жайып, спорт саласына соны серпін беретін ауқымды жоба болмақ. Біз өз тарапымыздан туризм мен спортты ұштастыра отырып, өңірдегі су туризмін дамытуды қолға алдық. Түркістанға зиярат етіп келетін туристер енді балық аулап, табиғат аясында да демалуға мүмкіндікке ие болады. Климаты ыстық Түркістанға су каналдарын кіргізу республика бойынша су спортынан бірінші орында келе жатқан облыстың спорт саласына үлкен серпін береді. Бүгінгі «Жетікөл» балық аулау аймағында өтіп жатқан жарыс Түркістан облысында туризмді дамытудың тағы бір бағыты болады деп сенемін. «Спорт — бейбітшілік елшісі» деген сөз бар. Халықаралық жарыс мемлекетаралық достыққа, спортшылар арасындағы жолдастыққа ұлассын. Бәріңізге сәттілік!», – деді облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов.


Облыс әкімінің орынбасары кәсіби аңшылық пен балық аулау турларын ұйымдастырушылардың, яғни аутфитерлердің осындай жарысты маусым сайын ұйымдастыра отырып, туризм саласына ондаған миллиард доллар пайда түсіретінін тілге тиек етті. Сәкен Амангелдіұлы Түркістан облысында туризм мен спортты ұштастыра отырып, өңірдегі су туризмін дамытудың қолға алынғанын айтып, осы бағыттағы жүйелі жоспарлармен бөлісті.


Ол үшін ең бірінші «Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2024 жылғы дейінгі кешенді жоспары» аясында ірі су нысандары салынуда. Метеорологтардың мәлімдеуінше, кешенді шаралар нәтижесінде өңірде ауа ылғалдылығы артып, ауаның температурасы — 1,5 градусқа дейін төмендеген.

«Түркістан магистралды каналы» күрделі жөндеуден өткізу арқылы 60 млн. куб метр су үнемделеді. Түркістан аумағында 8 шақырым каналдың ұзындығы абаттандырылып, демалыс аймағы, веложолдар салынып жатыр. «Кеңсай — Қосқорған — 2» су қоймасы жобасы жүзеге асса 34 млн. куб метр ағын су жеткізіледі. Қазір үлкен дамбының биіктігі 27 метрге дейін көтеріліп, кіші дамбы толықтай тұрғызылды. Бұл канал биылдың өзінде көктемгі тасқын сулар ысырабына жол бермей 5 млн.куб метр су жинауға мүмкіндік берді.
Бұдан бөлек, «Сырдария өзенінен машиналық арна салу» және «Сарқырама» су қоймасын салу жобалары әзірленуде.

Бұл жобалар — Түркістан өңірін ағын сумен қамтамасыз ететін өте маңызды жұмыстар. Сонымен бірге, Түркістан облысында академиялық есу, байдарка және каноэда есу, желкен спорты, жүзу және триатлон спорт түрлерін қарқынды дамыту үшін былтыр ескек есу канал салынуда. Бұл кешеннің жалпы алаңы 100 гектарды құрайды. Халықаралық дәрежедегі ескек есу және байдарка спорты бойынша олимпиадалық стандартқа сай орталықта қонақ үйлер, көрермендерге арналған жай, көпірлер салынады. Спорт кешенінде су шанғысы, жағажай ойындар футболы, волейбол, гандбол, регби секілді су және жағажай спортының танымал түрінен сайыстар өтеді. Бұл атқарылған жұмыстардың барлығы түркістандық жас спортшылардың болашағы үшін жасалуда.


ҚР «Спорттық балық аулау» Федерациясы мен Түркістан облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен қайықтардан спиннинге балық аулау бойынша «Turan fest» халықаралық турнирі 1-3 қазан аралығында өтеді. Сайысты жыл сайын, дәстүрлі түрде өткізу жоспарланған.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *