ҚР Үкіметі мен Ұлттық Банкі 2019 жылға арналған макроэкономикалық саясат шараларын үйлестіру туралы келісімге қол қойды

Қол қойылған құжатқа сәйкес «халықтың әл-ауқатының және өмір сүру деңгейінің өсуі мемлекеттің экономикалық саясатының басты мақсаты» болып табылады. Осы мақсатқа қол жеткізу Үкімет пен Ұлттық Банктің тиімді макроэкономикалық саясатты жүргізу бойынша келісілген іс-қимылдарын талап етеді.

ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған 2018 жылғы 5 қазандағы жолдауын, сондай-ақ ҚР Тұңғыш Президентінің ҚР Үкіметінің 2019 жылғы 30 қаңтардағы кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын іске асыруға бағытталған, тығыз үйлестіру және бірлескен шаралар қабылдау мемлекеттің жалпы макроэкономикалық саясатының тиімділігін арттыруға маңызды талап болып табылады және Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарының мақсаттарына қол жеткізуге ықпал етеді.

Қол қойылған Келісім арқылы Үкімет пен Ұлттық Банк мынадай міндеттерді айқындайды:

1. Теңестірілген қазыналық саясат

2. Тиімді ақша-несие саясаты және инфляцияны бақылау жөніндегі шаралар

3. Валюта нарығының тұрақтылығын қамтамасыз ету

4. Инвестициялар тарту және экономиканы қорландыру қолжетімділігі

5. Мемлекеттік бағалы қағаздар нарығын дамыту

6. Экономиканы дамытуды қаржылық қолдаудың мемлекеттік бағдарламаларын іске асыру

7. Нақты сектор кәсіпорындарын сауықтыру

8. Қаржы жүйесінің тұрақтылығы

9. Көлеңкелі экономиканы төмендету және қолма-қол ақшасыз төлемдерді дамыту

10. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау және қаржылық сауаттылықты арттыру

Үкімет макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге, бюджет шығыстарының мұнайдың бағасына тәуелділігін төмендетуге, мемлекеттік шығыстардың тиімділігі мен тұрақтылығын арттыруға бағытталған орнықты және алдын ала болжанған фискалдық саясатты жүргізетін болады. Бұл ретте «әлеуметтік саясат саласында халықтың нақты кірістерін арттыруға бағытталған барлық бюджеттік бастамалар толық көлемде орындалады».

«Экономиканы дамытуды қаржылық қолдаудың мемлекеттік бағдарламаларын іске асыру» бағыты бойынша ҚР Үкіметі мен Ұлттық Банкі нақты сектор кәсіпорындарын мемлекеттік қаржыландыру бағдарламаларының саны мен ауқымын ескере отырып, нақты секторға мемлекеттік қолдау көрсету шараларының тиімділігін арттыру үшін бірлесіп жұмыс жасайтын болады.

«Үкімет пен Ұлттық Банк «Нұрлы жер» және «7-20-25» тұрғын үй бағдарламаларын іске асыруды жалғастырады. Үкімет қолжетімді тұрғын үй ұсынысын ұлғайту шараларын қолға алады. Ұлттық Банк «7-20-25» бағдарламасын қаржыландыруды жалғастырады. Екі тұрғын үй бағдарламасын теңдестіріп іске асыру жөніндегі шаралар бюджеттік, сол сияқты жеке қаржыландыру көздерін тарта отырып, халықтың түрлі топтарын қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», — деп көрсетілген келісім мәтінінде.

Келісімді іске асыру келесі көрсеткіштерге қол жеткізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді:

  • негізгі капиталға 2019 жылы ЖІӨ-ге 16,8% деңгейінде және 2025 жылға қарай жылына ЖІӨ-ге 30%-дан астам инвестициялар тарту;

  • шағын және орта бизнестің үлесін 2019 жылы ЖІӨ-ге 28,2%-ға және 2025 жылға қарай ЖІӨ-ге 35%-ға жеткізу;

  • көлеңкелі экономика үлесін үш жыл ішінде 40%-ға қысқарту.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *