ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ КОРОНАВИРУСТЫҚ ИНФЕКЦИЯНЫҢ ТАРАЛУ ҚАРҚЫНЫ БОЙЫНША «САРЫ» АЙМАҚҚА КІРДІ

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ КОРОНАВИРУСТЫҚ ИНФЕКЦИЯНЫҢ ТАРАЛУ ҚАРҚЫНЫ БОЙЫНША «САРЫ» АЙМАҚҚА КІРДІ

Түркістан облысы коронавирустық инфекцияның таралу қарқыны бойынша «сары» аймаққа енді. 18 шілдедегі жағдай бойынша өңірде COVID-19 ауруының 176 жағдайы тіркелген. Осы және басқа да маңызды мәселелер облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте қаралды.

Облыстық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимовтың айтуынша, қазіргі уақытта 958 адам коронавирустық инфекциядан емделуде, оның ішінде 916 адам инфекциялық стационарларда, 42 адам карантиндік стационарларда және 158 адам үй карантинінде.


«Қазіргі уақытта Түркістан облысы КВИ ауруының көрсеткіші бойынша «сары» аймаққа көшті. Егу науқаны басталғаннан бері 505 675 адам вакцинаның бірінші компонентімен егілді. Екінші компоненті — 315 226 адам. Бүгінгі күні облыс бойынша 128 егу пункті жұмыс істейді. Сондай-ақ, өңірде 14 ПТР-зертхана, оның ішінде 10 мемлекеттік ПТР зертхана жұмыс істейді. Өткен тәулікте зертханаларда 1 347 адам тексерілді. Облыс бойынша 2020 инфекциялық, 300 карантиндік және 315 реанимациялық төсек — орын бар», — деді М.Пашимов.


Сонымен қатар, жиын барысында өңір басшысы мобильді топтар жұмысының тиімділігі төмен екенін атап өтіп, олардың жұмысын қайта қарауды және күшейтуді тапсырды. Айта кетейік, коронавирустық инфекциямен ауыратындардың көпшілігі мерекелік, отбасылық іс-шаралар кезінде қоғамдық орындарда жұқтырған.


«Аудандар мен қалалардың әкімдері мейрамханалардың, тойханалардың жұмысын бақылауға алып, түрлі іс — шаралардың өткізілуін қатаң түрде тоқтатуы керек», — деді Ө.Шөкеев.


Сонымен қатар, кеңес барысында облыс орталығын көгалдандыру және абаттандыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков сөз сөйледі. Сондай-ақ, жыл басынан бері жұмыспен қамтудың жол картасын іске асыру жолдары тыңдалды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *