БИЫЛ ШЫМКЕНТТЕ 600-ГЕ ЖУЫҚ АЗАМАТ «БАҚЫТТЫ ОТБАСЫ» АЯСЫНДА БАСПАНАЛЫ БОЛАДЫ
БИЫЛ ШЫМКЕНТТЕ 600-ГЕ ЖУЫҚ АЗАМАТ «БАҚЫТТЫ ОТБАСЫ» АЯСЫНДА БАСПАНАЛЫ БОЛАДЫ
Шымкент қаласында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Бақытты отбасы» бағытымен тұрғын үй кезегінде тұрған 589 азамат несиелік баспанаға қол жеткізеді. Аталған бағыт бойынша 2020 жылға бөлінген лимит негізінде «Отбасы банк» өзінің интернет ресурстары арқылы өтінімдерді қабылдауды ағымдағы жылдың 26 мамырына дейін жүргізген болатын. Қазіргі таңда аталған банк арқылы негізгі және резервтік тізім қалыптастырылып, азамттардың төлем қабілеттілігін тексеру бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Сонымен қатар «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында несиелік бағытта баспана алуды көздеген азаматтарға бастапқы жарна мөлшерінің бір бөлігін жабу үшін тұрғын үй сертификаты белгіленген шекте берілмек.
Мемлекеттен қолдау тапқан «Бақытты отбасы» бағытына тұрғын үй кезегінде тұрған «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көп балалы аналар, толық емес отбасылар және мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар қатыса алады.
Бағдарлама арқылы жылдық мөлшері 2 пайыздан аспайтын алғашқы жарна 10 пайызбен, 20 жылға жаңа және екінші нарықтағы тұрғын үйлерді сатып алу мүмкіндігі қарастырылған. Егер азаматтардың ай сайынғы табыс көзі жетпей жатқан жағдайда, туысы немесе жақыны кепіл бола алады.
Айта кету керек, биыл бұл бағытқа қатысуға үлгермей қалған тұрғын үй кезегінде тұрған жоғарыда аталған толық емес, көпбалалы және мүгедек бала асыраушы отбасылар санатындағы азаматтар 2022 жылға бөлінетін лимитке сәйкес «Отбасы банк» арқылы келесі жылы өтінім тапсыра алады.
Шымкент қаласы әкімлігінің баспасөз қызметі