ТҮРКІСТАН: МАҚТААРАЛДА ТРАКТОР ТІРКЕМЕЛЕРІН ЖАСАП ШЫҒАРАТЫН ШАҒЫН ЗАУЫТ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Түркістан облысы Мақтаарал ауданында жылына 70 трактордың тіркемесін жасап шығаратын өндіріс орны іске қосылды. Мемлекеттен қайтарымсыз 225 млн. теңге грант жеңіп алған «Центр сервис СХМ» өндірістік кешені аграрлы аймаққа қажетті тіркемелерді шаруаларға тиімді бағада шығаруды көздеп отыр.

Кешен басшысы Нұрлан Нұрбековтің айтуынша, еліміздегі қолданыста жүрген тракторлардың 65 пайызы, комбайндардың 46 пайызының пайдалану мерзімі 17 жылдан асқан.

«Қазіргі таңда тракторлардың 15 пайызы қазірдің өзінде істен шықса, 26 пайызы есептен шығаруға жатады. Комбайндар және басқа да қосалқы техникалардың жағдайы да осындай. Ал, ескі техникаларды пайдалану шығынды көбейтеді және егінді толық жинап алуға мүмкіндік бермейтіні айдан анық. Осы олқылықтарды жою үшін мемлекетіміз тарапынан техникаларды жасаушы отандық кәсіпорындарды қолдау шаралары белгіленді. Солардың қатарында отандық техника жасаушыларға өз өнімдерін ауылшаруашылық тауарларын өндірушілерге арзандатып сату үшін субсидиялар беру, қосымша құн салығынан жеңілдіктер жасау, гранттар беру сияқты жұмыстар атқарылуда. Міне, мемлекет тарапынан берілген осындай көмектің арқасында ауданымызда трактордың тіркемелерін шығаратын шағын зауытты іске қосып отырмыз», – деді Бақыт Насырханұлы.

Бүгінде шағын зауытта 16 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. 3D қондырғылардың арқасында қажетті торлы сымдар мен қаңылтыр жасап шығарылып, көлемі 8 тоннадан аса жүк сиятын трактор тіркемелері құрастырылуда. Қазірдің өзінде кәсіпорын 10 трактор тіркемесіне тапсырыс алған. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығына қажетті соқалар мен тырмаларға өзге де техникаларға қажетті қосалқы бөлшектерді жасау үшін шетелден әкелінген қондырғылардың пайдасы зор. 

Зауыт басшысының айтуынша, алдағы уақытта тағы он адамды жұмысқа қабылдап, тіркемелер санын арттыру жоспарланып отыр. Алдағы уақытта шағын зауыттың арқасында өңірдегі ауыл шаруашылығы техникаларын жөндеуден өткізіп, ескілерін қайта қалпына келтіруге болады.

 

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *