Осы бейсенбіде күн тұтылады: қазақстандықтар ерекше құбылысты қашан көре алады
Осы бейсенбіде күн тұтылады: қазақстандықтар ерекше құбылысты қашан көре алады
Биыл 10 маусымда күннің сақина тәрізді тұтылуы болады. Қазақстандықтар сирек кездесетін құбылысты түстен кейін тамашалай алады
Осы аптада бейсенбі, 10 маусымда Күн тұтылады. Астрономиялық құбылысты қазақстандықтар да бақылай алады. Бұл туралы Sputnik Қазақстанға Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің профессоры Андрей Солодовник айтты.
Қазақстандықтар күн тұтылуын қайдан және қашан көре алады
«Астрономиялық күнтізбеде күн мен айдың тұтылуы шамамен екі апталық аралықпен үнемі қатар жүреді. Егер айдың тұтылуы 26 мамырда бізден алыс аймақтарда болса, күннің сақина тәрізді тұтылуы 10 маусымда бізге міндетті түрде көрінеді, айдың күңгірт көлеңкесінің шеті Қазақстан жерін көлегейлейді», — деп атап өтті Солодовник.
Астрономдар бұл құбылыстың сақина тәрізді фазасының жолағы Солтүстік Америка, Мұзды мұхит және оның адам аяғы баспаған аралдары, кейін Ресейдің солтүстік-шығыс кеңістігі бойынша өтетінін есептеп шықты. Ол жақта күннің тұтылуы 0,943 максималды фаза мен төрт минуттық ұзақтық кезінде керемет әдемі өтеді.
«Құбылыс бүкіл Еуразияда жаздың ұзақ күнінің екінші жартысында болады. Жартылай тұтылу фазалары Қазақстанның барлық дерлік аумағында, бірақ солтүстігінде бәрінен де жақсы көрінеді», — деді астроном.
Қазақстанның түрлі қаласында күннің тұтылуын қай уақытта көруге болатынын кестеден қарай аласыздар. Сағат елорда уақытымен көрсетілген.
Күн тұтылуы кезінде көзді қорғау жолдары
Ғалым астрономиялық құбылыстардың көпшілігі сияқты күннің тұтылуы да адам денсаулығына соншалықты қауіп төндірмейтінін атап өтті. Алайда тұтылу кезінде көзді тікелей күн сәулесінен қорғап, барынша мұқият бақылаған жөн.
Бұл ретте Солодовник күн тұтылуын бақылауға арналған қарапайым құралдарды ертерек алуға кеңес берді. Ерекше құбылысты кәдімгі күн көзілдірігімен, оның үстіне оптикалық құрылғымен бақылау өте зиянды, тіпті көз үшін қауіпті де, сол себепті олай қарауға тыйым салынады.
Мәселен, бала кезден бәріне жақсы таныс әдістердің бірі – қақталған шыны. Оны күндізгі жарық мүлде көрінбейтін етіп қатты қақтау қажет.
Бақылаушыларға арналған тағы бір әдіс – жарық түсіріп бүлінген ескі фотопленка немесе рентген суреттері. Шеберлер тіпті шынының орнына пленка жапсырып, қатырмадан көзілдірік те жасайды.
Отбасында немесе таныстарының арасында дәнекерлеуші бар адамдарға тіптен бақытты – дәнекерлеу шынысы күннің тұтылуын бақылауға жарап қалады.
«Ғылыми тұрғыда жартылай күн тұтылуы аса қызығушылық туғызбайды, бірақ астрономия бойынша тағы бір тегін және әсерлі сабақ десе де болады. Егер бәрі жақсы болса, онда біз табиғи құбылысты университетте көрсетуді ұйымдастыруға тырысамыз», — деп түйіндеді Андрей Солодовник.
Астрономиялық құбылыс тағы қашан болады
Биыл жер шарының халқын тағы екі тұтылу күтіп тұр.
Мәселен, жартылай ай тұтылуы 19 қарашада болады. Ол түрлі фазада Қазақстанның шығысына қарай орналасқан елдерде (Ресей, Қытай шығысы және тағы басқа) көрінеді. Қазақстан аумағының басым бөлігінде Ай жер көлеңкесінен шығу кезеңінде туады. Сол себепті бұл күні кешке құбылыстың соңын тамашалау мүмкіндігі бар.
Жылдың соңғы айында төртінші және биылғы жылдың соңғы – толық күн тұтылуына куә боламыз. Ол 4 желтоқсанда болады, толық фазасының жолағы Тынық және Атлант мұхиттары суымен, сондай-ақ Антарктида бойынша өтеді. Толық фазаның ең көп ұзақтығы 2 минутқа жетер-жетпес уақытты құрайды, ал құбылысты мұз континентінің зерттеушілері бақылай алады. Қазақстан аумағында, бүкіл Еуразияда ешкім ештеңе көре алмайды.
https://sputnik.kz/society/20210607/17266574/kun-tutylu-uaqyty.html