800-ДЕН АСТАМ КӘСІПКЕР «ASHYQ» ЖОБАСЫНА ҚАТЫСУҒА ӨТІНІМ БЕРГЕН
800-ДЕН АСТАМ КӘСІПКЕР «ASHYQ» ЖОБАСЫНА ҚАТЫСУҒА ӨТІНІМ БЕРГЕН
Шымкент қаласы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары С.Адамбекова және Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары А.Ахметов кәсіпкерлердің «Ashyq» пилоттық жобасына қатысу мәселелері бойынша баспасөз брифингін өткізді.
Шымкентте халыққа қызмет көрсететін кәсіпкерлік нысандар 26 сәуірден бастап «Ashyq» жобасына өтті. С.Адамбекованың мәлімдеуінше, 2021 жылғы 13 мамырдағы жағдай бойынша кәсіпкерлерден жобаға қатысуға барлығы 858 өтінім түскен. Оның ішінде 404-не QR код берілді.
«Ашық» мобильді қосымшасы бизнес ұйымдарының карантин кезінде үздіксіз жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Қонақтар мен қызметкерлердің инфекцияны жұқтыру қаупі айтарлықтай төмендейтіндіктен, пилоттық жоба карантиндік шектеулер кезінде бизнес қызметін жалғастыру (қайта бастау) алгоритмдерін оңтайландыруға септігін тигізеді.
– Қазір бұл жобаға кәсіпкерлердің қызығушылығы артып отыр. Алайда тіркелім кезінде кейбір кәсіпкерлер өтінімді, бизнес сәйкестендіру нөмірін немесе мекенжайларын қате көрсетеді. Сол себептен, оларға QR код берілмейді. Қазір сайттағы техникалық ақаулар да ретке келтірілді. Жүйе дұрыс жұмыс істеп тұр. Кәсіпкерлер палатасы техникалық процестерді тұрақты негізде сайт әзірлеушілермен тікелей пысықтауда, – деді Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары.
Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары А.Ахметовтің айтуынша, жобаға қатысатын нысандарға бірқатар жеңілдік беріледі. Олардың жұмыс істеу уақыты ұзартылады.
Жобаның басты мақсаты – кәсіпкерлерге жағдай жасау және ковид инфекциясын жұқтыруды азайту. Ал мәртебесі «қызыл», «сары» болып анықталған азаматтар кәсіпкерлік нысанға кіргізілмейді.
Сондай-ақ, спикерлер «ASHYQ» жобасы бойынша жиі қойылатын сұрақтарға жауап берді.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспаөсөз қызметі