Түркістан мен Шымкенттен Ыстанбұлға қатынайтын әуе рейстері қайта ашылады
Түркістан мен Шымкенттен Ыстанбұлға қатынайтын әуе рейстері қайта ашылады
Turkish Airlines және Pegasus Airlines әуе компанияларының рейстері ашылады, деп хабарлады ҚазАқпарат.
Бұл жайында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мәлімет таратты.
Қазақстан аумағында коронавирус инфекциясының пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның шешіміне сәйкес түрік әуе компанияларына Түркістан – Ыстанбұл бағытында халықаралық тұрақты рейс ашуға және Шымкент – Ыстанбұл бағытында тұрақты рейсті қайта бастауға рұқсат етілді.
Атап айтқанда, Turkish Airlines әуе компаниясы 22 мамырдан бастап Түркістан – Ыстанбұл – Түркістан бағытында жаңа рейстер ашуды жоспарлап отыр.
Бастапқы кезеңде рейстер А-321Neo әуе кемесімен аптасына 1 рет (6-шы күні) орындалады.
Сонымен қатар, түріктердің «Pegasus Airlines» әуе тасымалдаушысы 23 мамырдан бастап Шымкент және Ыстанбұл қалалары арасында тұрақты рейстерді орындауды қайта бастауды жоспарлап отыр.
Рейстер бастапқы кезеңде B-737 әуе кемесімен аптасына 1 рейс (7 күн бойынша) орындалады.
Эпидемиологиялық жағдайдың жақсаруына қарай рейстер санын кезең-кезеңімен ұлғайту жоспарланып отыр.
Рейстер санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып және әуе компанияларының сайттарында жарияланған кестеге сәйкес орындалады.