Шымкенттік полицейлер 86 отбасыға қайырымдылық жасады
Шымкенттік полицейлер 86 отбасыға қайырымдылық жасады
Шымкент қаласы Полиция департаменті қызметкерлері мен «Ізгілікте жарысайық» қайырымдылық қорының кезекті «Кіршіксіз Рамазан» қайырымдылық шарасы Қасиетті Рамазан айына тұспа-тұс келді. Атап айтсақ, Еңбекші және Қаратау аудандық полиция басқармасының қызметкерлері асыраушысынан айырылған 86 отбасына барып, жағдайларын сұрап, Рамазан айымен құттықтады. Тәртіп сақшылары атынан арнайы оразаға қажетті азық-түліктерді (құрма, талқан, тары, құрт, сары май, шырын, нан) үлестіріп берді.
Өз кезегінде асыраушысынан айырылған көпбалалы отбасы мүшелері шымкенттік тәртіп сақшыларына алғыс айтып, шынайы ризашылығын білдірді.
«Менің сегіз балам бар. Сіздерге үлкен рақметімді айтқым келеді. Рамазан айында күнделікті бірінші кезекте тұтынатын азық-түліктермен қамтып жатқандарыңызға! Жұмыстарыңызға табыс тілеймін! Рамазан айында жасаған жақсылықтарыңыз өздеріңізге еселеніп қайтсын! Сауапты іс жасап жатырсыздар!» – деді Айгүл Үйсінбаева.
Шымкент қаласы Бас санитарлық дәрігердің №9 Қаулысына сәйкес, азаматтардың көп шоғырлануына жол бермеу мақсатында азық-түлік себеті 86 отбасының үйлеріне жеткізілді. Шара барысында санитарлық талаптар қатаң сақталды.
«Шымкенттік тәртіп сақшыларының жұмыстан тыс уақытта сауапты іске жұмылып, көмекке зәру отбасыларға материалдық көмек беріп жүргенін бірі білсе, бірі білмейтін болар. «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» деген. Біз 86 отбасының балаларына ағалық қамқорлық көрсету мақсатында бүгін осы шараны ұйымдастырып отырмыз. Әрі бұл жас мамандарды тәрбиелеудің бір бағыты. Мұндай игі істерді біз ұдайы ұйымдастырамыз. Оны үнемі жария ете бермейміз. Бұл қасиетті Рамазан айында жеке құрамның бірауыздан келісіп, қолға алған шарасының бірі ғана»,-деді Серік Төлегенов Қаратау аудандық Полиция басқармасы бастығының орынбасары.
Айта кетер жайт, аталмыш шара Шымкент қаласы Полиция департаментінің идеалогиялық бағыттағы жоспарына сәйкес, ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр. Бұл бағыттағы игі шаралар алдағы уақытта жалғасын таппақ.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің Баспасөз қызметі