ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА БИЫЛ МЫҢ ШАҚЫРЫМНАН АСТАМ ЖОЛ ЖӨНДЕЛЕДІ

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА БИЫЛ МЫҢ ШАҚЫРЫМНАН АСТАМ ЖОЛ ЖӨНДЕЛЕДІ
Түркістан облысындағы автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайы биыл 81,4%-ға жеткізілмек. Облыстағы жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерінің сапасын арттыру мәселесі облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен мәжілісте талқыланды. Отырысқа тиісті құзырлы мекемелердің басшылары мен аудан, қала әкімдері қатысты.


Мәжілісте облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Р.Ибрагимов, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Түркістан облыстық филиалы директорының орынбасары Е.Кенжеханов, «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» РМК Түркістан облысы бойынша филиалының директоры М. Ахметов баяндама жасады.


Биыл автомобиль жолдарының құрылыс-жөндеу жұмыстарымен 400-ге жуық нысан, не 1250 шақырымдай жолдар мен елді мекен көшелері қамтылып, ағымдағы жылы 780 шақырымнан астам жол пайдалануға беріледі деп күтілуде. Жыл қорытындысымен облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағатты жағдайдағы үлесін 79%-дан 81,4%-ға дейін арттыру жоспарлануда. Жиналыста автомобиль жолдарының сапасын арттыру бойынша атқарылған жұмыстар және қабылдануы қажет іс-шаралар талқыланды. Одан бөлек, саладағы өзекті мәселелерге тоқталып, ұсыныстар қаралды.


Мәжілісте облыс әкімі тарапынан жол сапасын арттыруға қатысты бірқатар тапсырмалар берілді. Жыл сайын жолдарды жөндеуге жұмсалатын қаржының тұрақты бөлінуін және жолдарды жыл бойына күтіп ұстауға жеткілікті қаржыны қарау тапсырылды. Сондай-ақ жөндеуден өткен жолдарды мерзімінен бұрын бұзылуын болдырмау үшін ауыр салмақты жүк көліктерінің қозғалысын реттеу жүктелді. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев облыс үшін маңызды Шымкент, Түркістан, Сарыағаш айналма жолдарының құрылысын бастау бойынша ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен тиісті жұмыстар жүргізу қажеттігін айтты.


Түркістан облысындағы жолдардың жалпы ұзындығы 18 мың шақырымды құрайды. Өткен жылы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 74,1%-дан 79%-ға қол жеткізілді. 2020 жылы 900-ге жуық не 2 мың шақырымға жуық автомобиль жолдары қамтылды.


Құрылыс-монтаждау жұмыстарын атқару кезінде кемшіліктерге жол бергені үшін мердігер, техникалық және авторлық қадағалаушы мекемелерге айыппұлдар салынды. Ескертулер беріліп, 58 мың шаршы метрден астам асфальт жамылғысы, 6,2 шақырым жол негізі бұзылып, қайта салынды. «Сапалы жол-Адалдық алаңы» жобасы аясында анықталған барлық ақаулар қалпына келтірілді.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *