Мәулен Әшімбаев оқу бағдарламасына жаңа сабақ енгізуді ұсынды

Сенат спикері ұлттық құндылықтарды дәріптеуде интеллигенцияның алар орны ерекше екенін атап өтті. Себебі зиялы қауым қашан да қоғам үшін бағдар болған

Сенат спикері Мәулен Әшімбаев мектептерде жаңа сабақты өткізуді ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

«Білім беру оқу бағдарламасын түсіндірумен ғана шектелмеуі керек. Біздің ұлттық танымымызда білім әрдайым тәрбиемен қатар жүрген. Сондықтан бала адами әліппесін ата-анасымен қатар мектептен де үйренгені шарт. Білім мекемелері жанашыр, адал, жауапты, еңбекқор болуды ерте жастан баланың бойына сіңіруге тиіс. Сол себепті оқу бағдарламасына ұлттық құндылықтарды дәріптеу сабақтарын қосып, оны жаңаша жасақтау мәселесін қайта қараған жөн болар еді», — деді Әшімбаев «Жаһандану дәуірінде ұлттық құндылықтарды дәріптеу – кешенді жаңғырудың негізі» тақырыбына арналған парламенттік тыңдауда.

Сенат спикері ұлттық құндылықтарды дәріптеуде интеллигенцияның алар орны ерекше екенін атап өтті. Себебі зиялы қауым қашан да қоғам үшін бағдар болған.

«Алдыңғы аға буын осы бағыттағы миссиясына адалдық танытып, әрдайым ұлтымыздың үні, қорғаушысы болып келеді. Сол үшін оларға алғысымызды білдіреміз. Ендігі кезекте елімізде зиялы қауымның жаңа буынын қалыптастыру өзекті мәселелердің бірі деп есептейміз. Олар XXI ғасырда ұлттық құндылықтарды сақтаушы және насихаттаушы болуы шарт. Бұл бағытта да жүйелі жұмыстар атқарылуы керек», — деп атап өтті Әшімбаев.

Айта кетейік, сенатта «Жаһандану дәуірінде ұлттық құндылықтарды дәріптеу – кешенді жаңғырудың негізі» тақырыбына арналған парламенттік тыңдау өтіп жатыр. Шараға үкімет мүшелері, ғалымдар мен сенаторлар қатысуда.

https://sputnik.kz/society/20210330/16654788/Maulen-Ashimbaev-zhana-sabaq.html

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *