Шымкентте қатыгездікпен өлтірілген кәсіпкердің денесі табылды
Шымкентте қатыгездікпен өлтірілген кәсіпкердің денесі табылды
Кәсіпкер Аваз Жаналиевтің күйіп қалған денесі жанып жатқан көліктен табылды. Оқиға Сайрам тұрғын үй алабы маңында болған. Аваздың туыстары оны жергілікті тұрғынан бизнеске жер сатып алу үшін кеткенін айтты. Ол әйелдің ұлымен келіссөз жүргізген. Сатып алушы жердің құжаттары жалған екенін білгенде, жанжал шыққан. Күдікті балтаны алып, Аваздың басына бірнеше соққы жасаған.
«Оқиға болған үйде әйел, оның ұлы мен келіні болған. Олар ұлымды үшеуі жабылып өлтірді. Соққылардан кейін басы қанаған. Барлық жерді бұлғамау үшін басына қапшық кигізген», — деді марқұмның анасы Гүлзада Жаналиева.
Кәсіпкердің денесін көлігіне салып, ешкім жоқ жерге апарған. Бірнеше сағаттан кейін күдікті көлікке қайта келіп, салонына бензин құйып, өртеп жіберді. Тергеушілер күдіктіден жауап алған кезде қылмыстың егжей-тегжейі анықталған. Марқұмның туыстары мән-жайды полиция өкілдерінен білді.
«Қылмыскер көлікті өртеп, бірден қашып кеткен. Осы сәтті сол маңда болған ер адам байқап қалған. Ол көліктен өрт шығып, иесі суға жүгіріп кетті деп ойлаған. Кейін куәгер оқиға орнына өртсөндірушілерді шақырған. Ол жерге біз де бардық. Онда досымның денесі табылды», — деп бөлісті марқұмның досы Расулмат Әлімқұлов.
Аваздың туыстары қылмыс жасауға қомақты ақша себепші болды деп санайды. Марқұм жер сатып алуға екі миллион теңге алып барған. Мән-жайды полиция анықтап жатыр. Прокуратура да іске қосылды. Тергеу мүддесі үшін басқа ақпарат жария етілмейді.
«ҚР ҚК-ның 99-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті анықталып, ұсталды», — деді Шымкент қаласы ПД тергеу басқармасының бастығы Дәулет Әбдіраманов.
Күдікті 30 жастағы жұмыссыз ер адам. Бұрын қарақшылық үшін сотталған. Марқұмның туыстары күдіктіні, анасы мен әйелін қатаң жазалауды сұрайды. Қаза болған Аваз Жаналиевтің артында жүкті әйелі мен екі кішкентай баласы қалды.