ҚР ҰЛТТЫҚ ОЛИМПИАДА КОМИТЕТІ СПОРТ ДИРЕКЦИЯСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ ЕЛСИЯР ҚАНАҒАТОВ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ СПОРТШЫЛАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ
ҚР ҰЛТТЫҚ ОЛИМПИАДА КОМИТЕТІ СПОРТ ДИРЕКЦИЯСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ ЕЛСИЯР ҚАНАҒАТОВ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ СПОРТШЫЛАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ
Қазақстандық спортшылар үшін 2021 жыл жауапты жыл. Жапонияның астанасы Токио қаласында кезекті ХХХІІ жазғы олимпиада ойындары өтеді. Əлемде орын алған эпидемологиялық ахуалға байланысты олимп ойындары ХОК-тің шешімімен бір жылға кейін қалдырылды.
Сонымен, бес құрлықтың ең таңдаулы деген саңлақтары 21 шілде мен 8 тамыз аралығында Токио олимпиада ойындарында бақтарын сынамақ. Бұл ретте, Қазақстан ұлттық құрама командасында өнер көрсететін Түркістан облысының спортшы ұл-қыздары да бар. Əзірге бокстан 52 келі салмақта қазақстандық талантты былғары қолғап шебері, бокстан ұлттық құраманың мүшесі, əлем чемпионатының қола жүлдегері түркістандық Сəкен Бибосынов Токио олимпиадасының жолдамасын жеңіп алған. Сонымен қатар, төртжылдықтың басты додасына қатысуға үміткер талантты жерлестеріміздің қатарында дзюдошы Дидар Хамза мен таеквандошы Нұрлан Мырзабаев бар. Ал, əйелдер күресі бойынша Токио олимпиадасының жолдамасы үшін Дариға Əбен мен Нулифар Раймова да күш сынасады. Жүзу спорты бойынша бақтарын сынайтын Түркістан облысының дарынды қос спортшысы Қаракөз Даниэль мен Дарья Марасанова да лицензиялық жарыстарға қатысады деп жоспарлануда.
Түркістан облысының спортшы ұл-қыздарының лицензиялық турнирлеріне қатысу үшін халықаралық деңгейде оқу-жаттығу жиындарына жан-жақты дайындық жасауына мол мүмкіндіктер қарастырып отырған облыс əкімі Өмірзақ Шөкеев жерлестерімізге қолдау көрсетуде. Сонымен қатар, облыс басшысы түркістандық саңлақтардың ел сенімін ақтайды деген нық сенімде.
Жуырда Түркістан облысына арнайы іссапармен келген ҚР Ұлттық Олимпиада комитеті спорттық дирекцияларының директоры Елсияр Қанағатов түркістандық бапкерлер мен спортшылар, сала мамандарымен кездесті. Жиын барысында Е.Қанағатов Токио олимпиада ойындарына көптеп лицензиялар алу мəселесін жан-жақты талқылап, алдағы кезде өңірімізде жеңіл атлетика спортын өркендетуге баса назар аударылатындығын жеткізді. Басқосуда Түркістан облысының дене шынықтыру жəне спорт басқармасының басшысы Қанат Жолдықараев көпшілікке жерлестеріміздің олимпиадалық лицензиялық жарыстарға жоғары деңгейде жаттығу жасап жатқанын айта өтті.
Айта кетейік, Жазғы олимпиада ойындарынан кейін дəстүрлі түрде параолимпиада жалғасатыны белгілі. Осы орайда, 24 тамыз- 5 қыркүйек күндері аралығында өтетін параолимпиада ойындарына Қазақстанның намысын түркістандықтар Жалғас Тайкенов пен Бейбарс Спатай, Жаңыл Балтабаева қорғайтын болады.
Токио олимпиадасына санаулы күндер қалды. Алдағы кезде түрлі спорт түрлерінен бірқатар лицензиялық турнирлер құрлық елдері арасында тағы да өтеді.
Елсияр Қанағатов ел мерейін үстем етер жауапты Токио олимпиада ойындарының жолдамасын сарапқа салатын барлық турнирлерде көптеп медальдерді жеңіп алу, ел мүддесі бəрінен де жоғары екендігін жеткізді.
Жиын барысында ел ағалары түркістандық спортшы ұл- қыздарға əрдайым жақсылық тілейтіндіктерін айтып тарқасты.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
6
Жарияланған күні
24 наурыз 2021