Шымкент мектебінде жанжал шықты: оқиғаның мән-жайы
Шымкент мектебінде жанжал шықты: оқиғаның мән-жайы
Өзгеріске ата-аналармен қатар мектеп мұғалімдері де наразы. Олардың дені жеке мектепке жұмысқа барады
Шымкенттің №29 мектебінде жанжал шықты. Балаларды сабаққа кіргізбей, жеке мектепке жіберді. Ал бұл жайлы ата-аналарға ескертпеген, деп хабарлады Sputnik. кз. «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.
«Бұл жерде оқуға рұқсат бермей отыр. Себебі бізді жеке мектепке ауыстырады. Нені негізге алып бұлай істеген? Биыл жаңа оқу жылы басталатын кезде мектеп директоры не ойлады? Директор орынбасары не ойлады?», — дейді ата-ана Юнна Кириченко.
Ал Виктория Маркс есімді ата-ана бірінші сыныптардың арасында тұрғылықты жері бойынша мектепке бармай, №29 мектепте оқып жатқандар сол орынды сатып алған деп санайды.
Телеарнаның хабарлауынша, бұл мектеп үш ауысымды және 2 мың бала оқиды. Алайда ғимарат 800 орынға есептелген.
Оқушыларға тар болмауы үшін олардың бір бөлігін жеке нысанға жіберген. Балалар ол жерде мемлекеттің демеу ретінде бөлінген қаржысына білім алады. Ал ата-аналар ол жерде қауіпсіздік шаралары сақталмағанына алаңдаулы. Телеарна ол жерде былтырдан бері қоқыс үйіндісі жатқанын, жақын маңда қаңғыбас иттердің көп екенін, ғимарат іші дымқыл екенін, асхана қызметкерлері азық-түлікті көшеде, тамақ қалдықтарының жанында сақтайтынын көрсетті. Сондай-ақ, жеке мектеп ішінде мүшеқап жатқанын көргендер бар.
Бұл өзгерістерге ата-аналармен қатар мектеп мұғалімдері де наразы. Олардың дені жеке мектепке жұмысқа барады. Мұғалімдер қысым көрсетіліп жатқанын, өтініш жазуға мәжбүр екенін айтты.
«Қаңтардан бастап №29 мектеп басшылығы мен қалалық білім бөлімі өкілдері өз еркімізбен жеке мектепке ауысуға өтініш жазуға мәжбүрлеп келеді. Біз оған қарсымыз. «Риана» жеке мектебіне байланысты тәжірибе бар. Ол дәл сол жерде ашылған болатын. Екі жарым ай жұмыс істеді. Сол мектепте жұмыс істеген мұғалімдер бар, оларға жалақы төлемеген», — дейді бастауыш сынып мұғалімі Дина Таранова.
Ал мектеп директоры жұмыс орнында болмады. Білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева жеке мектепке ешкімнің мәжбүрлі түрде ауыспайтынын мәлімдеді.
«Ата-ананы мәжбүрлеуге ешкімнің құқығы жоқ. Қазір тек төрт сынып жеке мектепке ауыстырылды. Бұл туралы ата-аналармен әңгіме жүргізілді. Олардың жартысы қарсы емес, жартысы ол жерде оқығысы келмейді. Бұл олардың заңды құқығы», — деп растады Жанат Тәжиева.
Ол мұғалімдерді де ешкім күштеп басқа мектепке ауыстыра алмайтынын жеткізді. Ал мұғалімдерге қысым көрсету фактісі бойынша тергеу жүргізіледі. Сонымен қатар ата-аналар санитарлық нормалар сақталмай отыр деп көрсеткен мектеп те тексеріледі.
https://sputnik.kz/incidents/20210203/16198203/Shymkent-mektep-janjal.html