Балаева қоғамдық бақылаудың негізгі принциптерін ұсынды
Балаева қоғамдық бақылаудың негізгі принциптерін ұсынды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың қоғам алдындағы ашықтығы мен есептілігін қамтамасыз ету мақсатында «Қоғамдық бақылау туралы» Заңды әзірлеу және қабылдауды тапсырған болатын. Бүгін Аида Балаева қоғамдық бақылау тетіктерін жетілдіру мәселелері бойынша қоғам өкілдерімен кездесті, деп хабарлады zakon.kz.
Кездесу барысында министр заң жобасын іске асырудың негізгі бағыттары мен механизмдері туралы айтты.
А.Балаева жұмыс тобының пікірі бойынша негізгі заң шеңберлік сипатта болуы керек, онда жалпы тәсілдер айтылатын болады деді.
Қоғамдық бақылау туралы заң жобасының мақсаты қоғамдық бақылау жүйесінің құқықтық негізін құру болу керек, — деп атап өтті министр.
Сонымен, Аида Балаева қоғамдық бақылаудың негізгі нысандарын, міндеттерін, принциптерін, оның объектілері мен субъектілерінің құқықтары мен міндеттерін, сондай-ақ оны жүзеге асыру тәртібін таныстырды.
Сонымен бірге, министр заң жобасы ведомствоның сайтында ашық жарияланғанын және жобаны әрбір азамат талқылай алатындығын атап өтті.
Бұдан бөлек, Аида Балаева Интернет-петициялардың бірыңғай заңды институтын құруға бағытталған түзетулер блогын қамтитын ілеспе заң жобасына жеке тоқталды.
«Қоғамдық бақылау туралы» Заң жобасын талқылауға, оны заңнамалық тұрғыдан шоғырландыруға түрлі тәсілдер ұсыну үшін Эдуард Полетаев, Аида Альжанова, Даулет Байдельдинов, Ажар Джандосова, Ирина Ким, Сергей Понамарев, Дос Көшім, Джамиля Асанова, Марат Шибутов және басқа да белгілі қоғам қайраткерлері мен сарапшылар белсенді қатысты.
Заң жобасын министрлік қазақстандық және халықаралық сарапшылармен бірлесіп әзірлегенін атап өткен жөн. Айта кету керек, бүгінде қоғамдық бақылау институттарының жұмысы кейбір шет елдердегі мемлекеттік басқару жүйесінің қызметіне тиімді әсер ететін факторға айналды. Осыған байланысты заң жобасын әзірлеу кезінде Азия, Еуропа және Американың 30-ға жуық елдерінің тәжірибесі зерттелді.
Заң жобасын әзірлеудің өзектілігі қоғамдық бақылау жүйесін қалыптастыру үшін құқықтық жағдайлар жасау қажеттілігімен байланысты. Құрылымдалған заң қоғамды елдің саяси және әлеуметтік-экономикалық жаңару процестеріне тартуды жеңілдетеді, мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың азаматтық қатысуы үшін барынша ашықтығын қамтамасыз етеді, сонымен қатар мемлекет пен қоғам арасындағы өзара сенім деңгейін арттырады деп жоспарлануда.