ЕШКІМДІ ЖАТ КӨРМЕЙТІН ЖАН ЕДІ : ТАЛҒАТ ОРМАНОВ ТУРАЛЫ БІР ҮЗІК СЫР . АҒАНЫ ЕСКЕ АЛУ.

ЕШКІМДІ ЖАТ КӨРМЕЙТІН ЖАН ЕДІ


Талғат ағамызды көзі тірісінде де біреуге таныстырып жату- артық іс болатын. Өйткені, ағамыз елге де, жұртқа да онсыз да танымал еді. Талғат ағаны мұндай дәрежеге жеткізген қаламгерлігі, яғни, журналистік қызметі. Шын таланат иесі бұл жолда ешқашан шаршап, шалдықпады. Ол қаламға қосып, радио мен телевидениенің микрофонын ұстаған жылдары сан алуан жандармен пікрлесті, дидарласты, сұхбаттар алып, мақалалар жазды, хабарлар түсірді. Оның кейіпкеріне айналған адам бүгінде жүздеп, мыңдап саналады. Осы жолда қаншама жерді шарламады?! Міне, мұндай еңбектер адамды танымал етері хақ. Бірақ, Орманов Талғат ағамыздың тағы бір ерекшелгі- оның бойында ешкімді бөле – жарып және ешкімді жатырқамайтын ерекше елгезек адал мінезі болатын. Ол кісінің танымал болуына осы асыл қасиеттері одан сайын сеп болғаны анық. Менің Талғат ағамен туып – өскен өлкем бір десем де болатындай. Өйткені, біз қасиетті тау өзені Боралдай бойында туғанбыз. Бұл бізді тек рухани емес, жерлестік жағынан да жақындата түсері анық. Ал Талғат ағамызбен шын жақындық мектеп қабырғасында басталған болатын. Журналистік мамандыққа қызыққан барлық романтикалық қасиет бала күнімізде баршамыздың басымыздан өткені белгілі. Өйткені, ол кездерде өзімізше талпынып аудандық «Алғабас» газетіне де мақала жазғансып тұратынбыз. Алғашқы талпыныстар ғой енді. Әрине, жазған дүниелеріміз қиру- ширу болса да кейде газет бетіне басылып қалады. Ал оны өңдеп, қолдау жасаған әрине, редакциядағы Талғат сынды ағаларымз.Міне, сол ағалар бізге сөйтіп қолдау білдірген. Осындай қолдаулардың арқасында кейіннен бізге де сол ағалар білім алған Каз. Гу- дің журналистика факультетіне түсу бақыты бұйырды. 1988 жылдың шілде айы. Сол кездегі жур.фактың тәртібі бойынша 1 – курстың студенті өзі туған аймақтың аудандық газетінен практикадан өтуі тиіс болатын. Жолдамамды алып, «Алғабас» газетіне келдім. Талғат ағамыз ол кезде жауапты хатшы екен. Ә, дегеннен –ақ:
-Ал, қош келдің! Саған бірінші тапсырма- практикаңды біздің үйде жатып өткізесің,- деді салған жерден сол баяғы самбырлаған ақкөңіл әдетімен.. Шаян шаһарында азды – көпті туыс- туғанның барын еске сала беріп едім:
-Басты қатырма! Мұнда келіп жатқанның басы да, соңы да сен емес,- деді де мені ертіп редакцияны бір аралатып, таныстырып шықты. Содан кейін бөлмесіне қайта келіп, қаттаулы жатқан газет тігінділерін алдыма ұсынып:
-Алдымен, бұл қандай газет? Ол не жазып, не мәселе көтеріп жүр? Бағыты мен күнделікті тыныс – тіршілігі қандай, міне, соның бәрімен түске дейін танысып шық. Бұл саған екінші тапсырма,- деп өз тіршілігі макет сызуға кірісті. Ұзыншалау үстел үстінде жайылып жатқан газет тігінділерін аударыстыра қарап, басылым бағытымен біршама танысып шыққандай болдым. Түскі шайдан соң:
-Саған үшінші тапсырма- мынау. Кешке дейін мына хаттарды қорытып, материал дайындайсың. Біткен соң төртінші тапсырманы айтамын,- деді.
«Төртінші тапсырмасы не болды екен?» деген оймен Жұмыс уақытын да аяқтадым. Алайда, газеттің жұмысы кешкі алтыда бітуші ме еді? Уақыт кешкі саға 8- 9 – дарға таяғанда газеттің жаңа нөмірі баспаханаға басылуға кеткендеТалғат ағам келіп:
-Ал, енді төртінші тапсырманы екеулеп орындап тастайық,- деп өзінің «Москвич» көлігіне қарай аяңдадық. Ағамыздың төртінші тапсырма дегені, Шаяндағы бірқатар жолдастары мен дос – жарандарының басы қосылып, мені қонақ қылу мәселесі екен. Талғат ағамыздың өзі қандай ақкөңіл болса, достары да дәл сондай болып шықты. Мен қанша жерден қипақтап, қысылсам да Тәкең мені оларға сондай бір құрметпен таныстырды. Содан болар ешқайсысы да маған қарапайым студент деп қараған жоқ. Құдды бір Алматыдан келген өз достарындай сыйлап, үлкен кісідей құрметтеуде. Жалпы, менің практикам біткенше мұндай қонақтық үзіле қоймады. Мұның бәрі Талғат ағамызға деген құрмет болса керек. Ия, ол кезде қазір зіңгіттей болған Еділ батыр сияқты балалары жас. Ештеңеге жиырылып, қабақ шытпайтын Ләззәт жеңешеміз кішкентай балалар күтімінен гөрі бізге көп қарады –ау, шамасы сол кезде. Соған әлі таңғаламын!!! Алланың нұры жаусын ол кісіге!
Практикамыз аяқталып, Алматыға аттандық. Кейін де байланыс үзілмеді. Тағы бір айтарым, келесі жылдары практикаға келген Серік Әбдуәлиевке де менен кем құрмет көрсетпеген. Інілерге бұлай құрмет көрсету- екінің бірінің қолынан келмесі анық. Айналып келгенде бұл үлкен тәрбие болса керек.Талғат ағамыз Алматыға барған сайын Каз. Гу- гардқа, оның ішінде жур.фактың әйгілі 5- жатақханасына бізді іздеп арнайы келетін. Осындай бір сапарында орын алған мына оқиғаны да баяндай кетсем деймін.
Мен екінші- үшінші курстарда жатахқананың бірінші қабатындағы 103 бөлмеде тұрдым. Бұл бөлменің ерекшелігі – вахта сағат 10- да жабыла ма, жоқ 12- де жабыла ма, онда біздің шаруамыз жоқ. Өйткені, геофактың № 4 жатақханасына қараған тұсында орналасқан бірінші қабаттағы біздің терезе тәуліктің кез келген уақытында вахтаның ролін атқара беретін. Алайда, біздің осы керемет мүмкіндігімізге қас қылғандай Каз. Гу- қалашықтағы милицияның да тірек пункіті осы қабаттың екінші жартысында орналасқан еді. Ол жерде әйгілі учасковый Құрманхан Нұрымбетов ағамыз «патшалық» құратын. (Жалпы, журналистер қауымы ол кісін жақсы біледі. Өйткені, бүгінде отставкадағы милиция полковнигі Құрманхан ағамыздың өзі де осы жаурфактың түлегі)
Міне, осы Құрманхан ағамыз біздің 103- тегі бөлмеміздегі ұдайы болатын «сән – салтанаттың нағыз қас жауы» еді. Түн болсын, күн болсын жетіп келеді де өзге түгілі өзімізге қимайтын судент үшін қасқалдақтың қанындай қадірлейтін сол заманның қадірлі сусынын тәркілеп алатын. Онысымен қоймай, бір өшірсе оңайлықпен оталмайтын сары «Жигулиін» сүйрелеп, итерткізіп қоятын. Қолға түскен бір топ жур.фактық жүгермек қалашықтағы бүкіл жұртқа масқара болып, үнемі сол «Жигулиді» итеріп жүретінбіз. Құрманхан ағамыз машинаның стартерін әдейі қоспай ма, жоқ шынымен оталмай ма, әйтеуір қан – сорпамыз шығатын кезіміз аз емес еді. Міне, осындай күндердің бірінде Талғат ағамыз кеп қалмасы бар ма? Базарлық жетеді. Бөлмеде бірер сағат тынығып алған соң ағамыз кешкілік мол дастархан жасатты. Әйтсе де, әдеттегідей учасковый Құрманхан ағамыз кеп қалып, отырыстың шырқын бұзбаса болғаны?- деген де қауіп бар. Дегенмен, бұл ойды Талғат ағамызға да суыртпақтап жеткізген едік:
-Е, ол онсызда келеді мұнда. Оның несіне қауіптеніп тұрсыңдар? Бағана кабинетінің есігін қиратып, «мықты болсаң, осы бөлмеге кел» деп записка жазып кеткенмін,- демесі бар ма? Мәссаған! Ағамыздың мына сөзі шыны ма, жоқ әзілі ме деп түсінбей біз тұрмыз. Арада көп уақыт өткен жоқ, Құрманхан ағамыз:
— Шымкенттен келген Талғат Орманов деген бұзақы осы бөлмеде ме?- деп есіктен ентелей кіріп келмесі бар ма? Алғашында біз де сасқалақтап қалдық. Бар ойымыз мына ас та төк дастарханнан айырылып қалмасақ етті деген қауіп. Талғат ағамыз да қарап тұрмай:
-Ия, осында. Ал негыласың?- деп орнынан атып тұрып, учасковыйға тап берді. Арада:
-Шық былай!
-Шықпаймын!
— Шықпасаң, атаман!
-Ал, атсаң ат! – деген сияқты бір – біріне екпіндей, өзеуреген біраз сөздер айтылып болды да, екеуі шарт та шұрт құшақтаса кетті. Біз аң — таңбыз.
-Ал, кепсің Шымкенттен. Хабар айтып келмейсің бе? –дейді Құрманхан ағамыз пистолетін кобурасына салып жатып. — Сосын, мына шпаналардың бөлмесінде негып отсың баратын жер таппай қалғандай?
-Ия, Құреке, баратын да түсетін де жер жетеді. Бірақ мыналардың бәрі өзімнің інілерім. Яғни, сенің де інілерің. Сол інілерімнің жағдайын білейін деп келдім. Оған қоса мына опорныйдың бастығы сенің мәселеңді қарайын деп, әдейі осында келдім. Мына бейбақтарға күн көрсетпейді екенсің? ,- деп кейіннен біздерді дұрыстап таныстыра бастады.
-Өй, шынында да бәрі шымкенттіктер екен ғой. Бәсе, жүрістерінен адам қорқады. Қашан қарасаң да адам өлтіретіндей топтанып жүреді жүгермектер, — деп жатыр Құрманхан ағамыз. Арада аз кем уақыт өткенде Құрманхан ағамыз Тәкеңді қоярда қоймай ертіп әкетті. Сөйтсек, екі азамат та осы факультетте бір курста оқыған достар екен. Ал аты — шулы учасковый ағамызбен одан кейінгі сыйластығымыз жаман болған жоқ. Осыдан бір –екі жыл бұрын Тәкенің бірге оқыған бүкіл курстастары «Біркөлік» демалыс орнында 30 жылдық кездесулерін атап өткен болатын. Міне, осы жиынға Құрманхан ағамыз да келді. Зейнет жасындағы полковник ағамыз сол кездегі сәттерін әлі ұмытпапты. Есімдері елге кең танылған қаламгер аға- апалар кездесуін «Оңтүстік» телеарнасының эфиріне беру үшін бардық. Бүгінде әжептеуір журналист болдық қой деп жүрсек те Құрманхан ағамыз бізді көрген бетте: «Өй, шпаналар, қалай жағдайларың?» ,- деп бір –ақ қайырды. Бірақ, ол сөзінің астында бауырмалдық пейіл аңғарылып тұрған еді. Міне, мұндай қасиет Талғат ағамыздың да жүрегінен айқын сезіліп тұратын. Өйткені, ол кісі ешкімді жатырқамайтын және өзі де ешкімге жат емес еді. Соның арқасында Талғат ағамыз біразымызға ұстаз да болды, біразымызға бауыр да болды. Мұны ешкім жоққа шығара қоймас. Айналып келгенде Тәкеңнің азаматтығы өте басым еді. Бұл – менің ғана пікірім болмас деген ойдамын. Міне, осы бір қысқа ғана естелік мақалада мен Талғат ағамыздың шығармашылық қырына емес, азаматтық, бауырлық қасиетіне ғана тоқталғанды жөн көрдім.

Авторы. Мұхтар Атабек,

 

Қазақстанның Құрметті журналисі, Бәйдібек ауданының Құрметті азаматы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *