Ө.ШӨКЕЕВ: ЕЛБАСЫНЫҢ ТАПСЫРМАСЫМЕН ТҮРКІСТАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДЕҢГЕЙДЕГІ ҚАЛАҒА АЙНАЛЫП КЕЛЕ ЖАТЫР
Ө.ШӨКЕЕВ: ЕЛБАСЫНЫҢ ТАПСЫРМАСЫМЕН ТҮРКІСТАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДЕҢГЕЙДЕГІ ҚАЛАҒА АЙНАЛЫП КЕЛЕ ЖАТЫР
«Түркістан қаласы облыс орталығы болғаннан кейін өңірде өте үлкен, ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Сіздермен бірге ауызбіршілікпен жұмыс істедік. Біздерге жауапты тапсырмалар болды. Оның ішінде әрине Түркістан қаласын облыс орталығы ретінде қалыптастыру. Барлығымыздың мақсатымыз — облыстың әлеуметтік — экономикалық жағымен қатар, өңірдің рухани — мәдени саласын бірге дамыту болды. Өңірде атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесін өздеріңіз көріп отырсыздар. Қалада әкімшілік — іскерлік орталығы, мәдени — рухани орталық және Қ.А.Ясауи кесенесінің айналысында құрылыстар жүргізіліп жатыр. Көптеген аяқталған нысандар қазірдің өзінде өзінің сәулеттік нақышымен қала көркіне ерекше реңк беріп тұр», — деді сессия отырысында сөз алған облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев.
Түркістан қаласында алтыншы шақырылымдағы Түркістан облыстық мәслихатының кезекті елу төртінші сессиясы өтті. Сессияның жұмысын облыстық мәслихат депутаты У.Рахиев жүргізді. Сессия отырысына облыс әкімі Ө.Е.Шөкеев, облыс әкімдігінің мүшелері, облыстық сайлау комиссиясының төрағасы, мемлекеттік органдар басшылары, сондай-ақ БАҚ өкілдері қатысты.
Облыстық мәслихат сессиясының күн тәртібіне 2021-2023 жылдарға арналған облыс бюджетін бекіту, Түркістан облысы әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның дербес құрамын бекіту, Түркістан облыстық мәслихаты тұрақты комиссияларының 2020 жылғы қызметі жөніндегі есептері мен 2021 жылға арналған жұмыс жоспары секілді барлығы 19 мәселе қаралды. Аталған мәселелерді қарау нәтижесі бойынша облыстық мәслихат депутаттары тиісті шешімдер қабылдады.
Алтыншы шақырылымдағы облыстық мәслихаттың сессиясында өз өкілеттілігін аяқтаған бірқатар депутаттар арнайы марапаттарға ие болды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі