ШЫМКЕНТТЕ «ҰЛТ ҮНІ» БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ
ШЫМКЕНТТЕ «ҰЛТ ҮНІ» БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ
Қорытынды жиынға қатысқан Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан байқау жеңімпаздарын марапаттады.
— Шымкенттегі 1 миллион 50 мыңнан астам тұрғынның 32,5 пайызын этнос өкілдері құрайды. Қаламызда этностардың мәдениеті мен салт-дәстүрін дамытуға лайықты жағдай жасалған. 16 этномәдени бірлестік осы бағытта жұмыс істеп, ұлттық құндылықтарын дәріптеумен қатар, мемлекет құраушы қазақ халқының мәдениетін құрметтеп, мемлекеттік тілді меңгеруге деген ықылас-ынтасы күн санап артып келеді. Байқауға қатысқан әрбірінің көрсеткен өнері жоғары баға алуға лайық деп санаймын, -деп атап өткен Шыңғыс Жұмабекұлы қатысушыларға өз алғысын білдірді.
Этнос өкілдері арасында өткен байқаудың мақсаты мемлекет құраушы қазақ халқының тілін, мәдениетін, өнерін, салт-санасын, тарихы мен әдебиетін насихаттау, олардың біріктіруші әлеуетін тиімді пайдалана отырып, барлық этнос өкілдерін қазақ халқының маңайына топтастыру болды. Додада 80-нен астам концерттік нөмір ұсынылды.
Керуен-байқау қазан айында бастау алып, алдымен іріктеу кезеңі өткізілді. Үздік деп танылған 22 концерттік нөмір таңдап алынып, өнерпаздар тобы қараша-желтоқсан айларында Абай, Әл-Фараби, Еңбекші, Қаратау аудандарында этнос өкілдері көптеп тұратын аумақтарда өнер көрсетті.
Байқауға қатысушылар әлем халықтары мойындаған ұлылар Әбу-Насыр әл-Фараби мен Абайдың еңбектерін, қазақ вальсінің королі атанған Шәмші Қалдаяқовтың әндерін кеңінен насихаттап, олардың шығармаларын орындау шеберліктері арқылы мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін көрсетті. Онымен қоса қазақ халқының салт-дәстүрлері мен өнерін, мәдениетін дәріптеуге үлес қосты.
«Ұлт үні» керуен-байқауының нәтижесінде: бас жүлде — Зкруллаев Нематилло, I орын — Ким Павел, II орын — Умаров Умид, Рахимшиков Умар, III орын — Тұрсынова Гүлханым.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі