АЛДАР КӨСЕ МЕН ШЫҚБЕРМЕС ШЫҒАЙБАЙ

АЛДАР КӨСЕ МЕН ШЫҚБЕРМЕС ШЫҒАЙБАЙ

Ерте заманда, құйрығы келте заманда Шықбермес Шығайбай дейтін бай болыпты. Төрт түлігі сай болыпты. Қөңілі жай болыпты. Сол Шықбермес Шығайбай үйіне ешкімді қондырмайды екен, қондырса, дәм бермейді екен. Тіпті тастан да қатты сараң, өзі тойса да, көзі тоймайтын адам екен. Үйіне кісі келсе оның жауабы:

— Шық, әй! — екен. Осыдан жұрт оны Шығайбай атап кеткен екен. Шықбермес Шығайбайдың аты естілмеген ел болмайды екен. Оның «Шық-әйін» естімеген жан болмайды екен.

Қайтсем де, қалай болса да Шығайбайдан дәм татам деген талайлардың тауы шағылған болады екен.

Алдар қу! Алдардың алдамайтыны, арбамайтыны жоқ деген атақ ел-елге жайылды. Ел аузындағы мәтелге айналады.

Әй, Алдарың қанша қу болса да, Шықбермес Шығайбайды алдай алмас, — дейді жұрт. Осы сөз Алдарға жетеді. Шықбермес Шығайбайдың атын Алдар да есітеді.

— Шықбермес Шығайбайды мырза бай етпесем Алдар деген атым құрысын, — деп, Алдар аттанады. Шықбермес Шығайбайдың елін іздеп сапар шегеді. Күн-түн жүреді. Ақырында елден іргесін аулақ салған, ен далада жалғыз үй қонған Шығайбайдың үйіне келеді.

«Не істеп отыр екен бұл қу» деп, атын алысқа тұсап, өзі білдірмей келіп, жабықтан сығалайды. Сығаласа: Шығайбай қазы тіліп отыр екен. Бәйбіше нан илеп отыр екен. Тоқалы бас үйтіп отыр екен, қызы тырнаның жүнін жұлып отыр екен.

«Осыдан татпасам Алдар атым құрсын», — деп жылмаң етіп; — Кеш жарық! — деп кіріп барады.

Бұлар да жылдам екен, Алдар «кеш …» дегенді айтып болғанша қолдарындағыларын жасыра-жасыра қойып, Шығайбай таспаны, бәйбіше ұр-шықты, қызы тігіліп жатқан көйлекті, тоқалы көсеуді қолдарына алып отырыса қалады, Түк білмегенсіп, қолдарындағы іспен болып отырғансып, жайбарақат бола қалады.

«Әй, әбден-ақ әккістеніп алған екенсіндер, мызғымас қу екенсіңдер», — дейді Алдар ішінен. Амандасқансып, қол алысқансып, байға сүйкене барып төр алдына отырып алады.

«Ай көсе екенсің, жұртты құртқан қу ма екенсің! Жүрісің жылмаң екен. Жырынды болған сұм ба екенсің! Қу болсаң да, сұм болсаң да менен дәм тата алмассың», — дейді бай ішінен.

— Қайдан жүрген сұмсың? Қайда барасың? Не естіген-білгенің бар? —дейді бай Алдарға. Алдар көтеріле түсіп, күлімдеп, желдірте жөнеледі.

— Көрген білгенім көп. Жолда келе жатып үл кен сары жылан көрдім. Жуандығы тап өзіңнің астындағы қазыдай.

Артық-кем қып асырмай,

Шын айтқанда жасырмай:

Таспен ұрдым жіберіп,

Күң астындағы басындай.

Былыш етті иленіп,

Бәйбіше астындағы нанындай.

Өтірік болса сақал жұлынсын,

Қыз астындағы тырнадай.

Бәрін де осының көріп келдім,

Асыңды асшы ұрламай.

Осыны айтқаннан кейін бай:

— Шоқ түссін тіліне! — деп, астындағы қазысын лақтырып тастайды.

— Тілің кесілсін! — деп, бәйбіше астындағы нанын лақтырады.

—     Жағың қарыссын! — деп, тоқал басты лақтырады.

—     Ішің толсын, — деп, қызы тырнаны лақтырады.

—     Қазыңды аса бер бәйбіше, — дейді бай: «амал қайсы» деген пішінмен.

Бәйбіше қазанға ас салады да,

— Піс қазаным бес ай – десе.

— Отырайын он ай! — дейді Алдар, етігін шешіп тастайды да.

— Кер тағының терісін келер жылы киермін, – деп төрге орнығып отырады.

Қазан түнімен қайнайды, бірақ түсірілмейді. Алдар да отырады. «Мынау кәпір қашан жатады» деп, үн жоқ қасарып бай да отырады. Ақырында ұйқыдан шаршап шыдай алмай:

— Әй кемпір төсек сал, — дейді. Бәйбішесі төсек салады. Үй ішімен ұйықтаған кезде Алдар орнынан тұрып, қазандағы етті сүзіп алып, оның орнына тулақты турап салып қояды.

Бір уақытта бай тұрып бәйбішесін оятады:

— Мына ит ұйықтады білем. Түсір асыңды тез. Уақытымен асымызды жегізбеді-ау иті — деп сыбыр етеді.

Бәйбіше қараңғыда асты түсіреді. Бай пышақты қолға алып жіберіп.

— Жат жігітім, жат! Сазайың осы! — деп, аузына бір кесегін асап жіберсе, тісі өтпейді. Олай қыйдалайды, бұлай қыйдалайды, болмайды.

— Етін не болып кеткен. Өңкей шандыр!—деп, қатынына ұрсады. Түйіліп қалып, май сұрайды.

Ақыры Алдардан келгенін біліп, амалсыз аштан-аш жатады.

Таңертең Шығайбай жолға кетпек, болып, бәйбішесіне қонаққа көрсетпей маған нан беріп жібер, — дейді. Әйелі ошақта пісіп жатқан нанды оттан ала салып байдың қойнына тыға қояды, Мұны көре салып Алдар жүгіріп шығады.

— Е, байеке! Енді будан бұлай жолығамыз ба, жоқ па? Ақтық рет қазақ дәстүрімен достарша көрісіп айрылысалық,— деп, бара сала байды құшақтайды. Оттан жаңа шыққан нан байдың кеудесін күйдіріп кетеді.

— Ау, жарайды енді! — деген сайын қаттырақ қыса түседі.

— Ау, мына ит жегірді ит жесін! Мә деп, қойнынан нанды лақтырып тастайды.

— Ә, байеке, ит жегенше мен жейін, — деп, Алдекең барып нанды қолына алады. Бай дүзге аш кетеді.

Бай екінші күні тағы жолға шығарда бәйбішесіне бір торсық айран құйғызып, оны, көрсетпей ішінен байлап алады. Бай енді шығуға ыңғайланғанда Алдар:

— Байеке, мен сіз келгенше жүретін шығармын амандасып қалайын дейді де, құшақтаса амандасқан болып  торсықтың тұсынан қысады. Торсықтағы айран төгіліп Шығайбайдың мазасын кетіреді. Торсықты амалсыздан Алдарға беріп Шығай бұл жолы да аш кетеді.

Қөседен құтыла алмаған соң, бай Қөсенің атын сойып алмақ болады. Байдың мұнысын тағы естіп қойып, атына барады. Атының қасында байдың да аты тұр екен. Өз атының маңдайындағы қасқасы болмаса, екеуінің ешбір айырмашылығы жоқ екен. «Маған ойлайтын зиян болса өзіне тисін» деп, өз атының қасқасына сыйырдың шикі боғын жағып, жоғалтады да, бай атының басына бор жағып, қасқа ат қылып қояды. Сөйтеді де, орнына келіп жатып ұйықтап қалады.

Алғашқы күнгі етті жеп қойған да Алдар екенін біледі. Біледі де ішін ыза кернеп: «Тура тұр , бәлем!» — дейді. Алдар ұйықтады-ау деген кезде сыртқа шығып, Алдардың атын жарып тастайды.

— Міне жігітім сазайың! — деп, өзінің істеген ісіне көңілі толып қуанып, төсегіне келіп жатып, ұйқыға кетеді.

Таңертең бай орнына« турып жатып, Алдарға айтады:

— Мына кемпір қасқа ат өліп жатыр дейді. Сенің атың болу керек жарылып қалған. Сорлы, атыңды бақпай қазан бағып жүрген не қылған адамсың! — деп қарқ-қарқ, күледі.

— Алдар тұрып:

— Қандай қасқа екен? Боқ қасқа болса менікі болар, бор қасқа болса сіздікі болар, — дейді,

Бай құдайдың ұрғанын біледі де, орнынан тура жүгіреді. Жүгіріп барса, айтқанындай өліп жатқан байдың бор қасқасы екен.

Бай күйіп кетіп, Алдарға келіп:

— Жоғалт қараңды сұм! Мен сені енді көрмеймін, — деп шығып кетеді. Сыртқа шығысымен қатынына:

— Тез жөнелт, — дейді. Бай анадай, жерге шыққан кезде жақындап барып, Алдар:

— Етігім жыртылып шұлғауым шығып жүр, Бізіңді беріп кет дейді Байдың бергісі қелмейді. Алдар жабысып жібермейді: Ақыры болмаған соң:

— Ә, алсаң алшы, аңтұрған! Ал да қараңды жоғалтшы, кәпір — дейді.

Алдар «алғысты жаудырмалатып, күліп, қала береді. Бай кетісімен оның бәйбішесіне жүгіріп келіп:

— Ал қызыңыз «Бізбикені киіндіріңіз, — дейді.

— Е, не үшін?

— Баймен келісіп, мен қызыңызды алып кететін болдым.

— Жоғал әрі, сұм! Саған қыз беретін бе еді бай, — дейді.

— Әйтпесе өз құлағыңмен естіп қал деп, сыртқа шығып, көп жерге барып қалған байдың артынан айқайлайды:

— Әй, бай! Бізбикені бермей жатыр мына бәйбішең, — дейді.

— Әй, қатын! Бер бізді! Жоғалт сол кәпірдің көзін, — деп айқайлайды бай.

— Әні, естідің бе? — дейді Алдар қасында тұрған әйелге.

— Мына кәрі ит алжыған ба өзі! Елді құртқан бір қуаяққа беріп құтырған ба? — деп, таң қалады әйелі.

Қатын-қалашқа бой берген Алдар ма? Анау-мынау дегенге көнбестен жасауын буып, қызды атқа мінгізеді.

«Алдардың ойыны осылай болады» деп, еліне тартып отырады.

 

balakai.kz

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *