Шымкентте әйелдер әкімдік алдына жиналып, шу шығарды

Шымкентте әйелдер әкімдік алдына жиналып, шу шығарды

Наразы әйелдер. Фото: astanatv.kzНаразы әйелдер. Фото: astanatv.kz

Шымкентте ондаған әйел әкімдік алдына жиналып, әкіммен кездесуді талап етті, олардың қатарында көпбалалы аналар мен жалғызбасты әйелдер бар, — деп хабарлады Tengrinews.kz тілшісі «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.

Телеарна мәліметінше, олар коммуналдық проблемасын айтуға жиналған: пәтерлерінде жылу, газ, су мен электр энергиясы жоқ.

«Алты баламен екі бөлмелі пәтерде тұрамын, пеш жағып, жылынамыз. Өткен жолы көмір мен ағаш алуға осында өтінім қалдырдым. Ешқандай да көмек болған жоқ. Үйіміз суық, балаларымыз тоңып жатыр», — дейді көпбалалы ана Мадина Кемпірбекова.

«Жангелдин бойындағы көпқабатты үйде тұрамын. Бес балам бар. Пәтерімде жылу жоқ. Жақында ғана екі баламмен ауруханадан шықтық. Енді үйде тоңып отырмыз. Бір балам мүгедек, суықтан денесі тартылып қала береді. Ауырып жатыр, қызуы көтеріледі», — дейді тағы бір көпбалалы ана Эльмира Авалбекова.

«Қайнар Бұлақтан келдім. Су жоқ, газ бен электр энергиясы жоқ. Қай ғасырда өмір сүріп жатырмыз? Білмеймін. Осы жерде сұрағым келеді. Қаратау ауданы әкімі бізге бәрі болады деп уәде берді емес пе. Орындамай отыр. Сондықтан Абзал емес, Обещалкин деп атаймыз», — дейді Шымкент тұрғыны Алма Жүсіпова.

Әйелдердің талабы коммуналдық қызметтерге ғана қатысты болмады. Көпбалалы әйелдер шенеуніктерден мектепте тегін тамақ пен оқу жағдайын жақсартуды сұрады. Әкімдік басқармасының өкілдері олардың шағымын тыңдап шықты. Сол жерде әңгіме жүргізілгені айтылады. Алайда әйелдердің көңілі мұндай жауапқа тола қоймады.

«Сіздер тіпті дұрыс жауап бере алмайсыздар да. Қалай айғайламайсың. 30 мың теңге берейін. Балаларыма спорттық форма мен оқуға телефон алып беріңізші, көрейік», — дейді наразы әйелдердің бірі.

Алайда қала әкімімен кездесу сол күйі өтпеді. Әкімдіктегілер әйелдердің талабына қатысты пікір білдірмеді. Шенеуніктердің айтуынша, алдағы уақытта арнайы жиын өткізеді. Осыдан кейін шешім шығарылады.

https://kaz.tengrinews.kz/kazakhstan_news/shyimkentte-ayelder-akmdk-aldyina-jinalyip-shu-shyigardyi-315872/

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *