Министр ауасы ең лас 10 қаланы атады

Мырзағалиевтің айтуынша, атмосфералық ауа мен жер үсті суларының ластануы, қалдықтармен байланысты жұмыстың жетілмеген жүйесі жағдайды күрделендіре түскен

 Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Қазақстанда экологиясы ең нашар қалаларды атады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Министрдің айтуынша, 2019 жылдың қорытындысы бойынша экологиялық мониторингке сәйкес 45 елді мекен ішінде 10 қала атмосфералық ауаның жоғары ластану деңгейіне жатады.

«Олар: Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Теміртау, Атырау, Ақтөбе, Балқаш, Өскемен, Жезқазған және Шымкент қалалары. Сонымен қатар, ластаушы заттар шығарындыларының едәуір көлемі Павлодар облысына тиесілі», – деді Мырзағалиев үкімет отырысында.

Экология министрлігі барлық өңірде жұртшылықпен кездесу өткізіп, экологиялық проблемалар мен оларды шешу жолдарын талқылаған. Нәтижесінде 17 Жол картасы әзірленді. Бұл құжаттарда өңірлердегі экологиялық ахуалды жақсарту жөніндегі нақты шаралар қарастырылған.

«Баршамызды экологиялық проблемалар аландатуда. Атап айтқанда, атмосфералық ауа мен жер үсті суларының ластануы, қалдықтармен байланысты жұмыстың жетілмеген жүйесі, сондай-ақ ежелден ластанған жерлер мен көгалдандырудың жетіспеушілігі», – деді ол.

Мәселен, Алматы қаласының экологиясын жақсарту үшін Жол картасында жиырма 20 іс-шара қарастырылған.

Оның ішінде негізгісі: ТЭЦ-2 мен ТЭЦ-3-ті газға ауыстыру, қалаға іргелес жатқан жеке меншік үйлерді газдандыру, коммуналдық және қоғамдық автокөліктерді табиғи газға көшіру, дизель отынымен жүретін қоғамдық көлікке кезең-кезеңмен тыйым салу, транзиттік көліктердің кіруіне/жүруіне шектеу қою жағын қарастыру және көгалдандыру.

Атмосфераның ластануын төмендету үшін не істеу керек

Сонымен қатар, жел режиміне зерттеу жүргізу мен соны ескере отырып, сәулет келбеті ережелеріне өзгерістер енгізу және құрылыстың бас жоспарларын түзету де көзделіп отыр.

Мырзағалиевтің айтуынша, Жол картасын іске асыру нәтижесінде ауаға тарайтын ластаушы заттардың көлемі 144,0 мың тоннадан 79,5 мың тоннаға дейін немесе 44%-ке азаяды. Яғни атмосфераның ластану индексі жоғары деңгейден (8) орташа деңгейге (6) дейін төмендейді.

https://sputnik.kz/society/20201124/15552170/Auasy-lastangan-qala.html

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *