ЮНЕСКО Абайдың 175 жылдығына арнап үндеу жариялады
ЮНЕСКО Абайдың 175 жылдығына арнап үндеу жариялады
Коронавирус пандемиясы кесірінен жиын онлайн түрде өтті.
ЮНЕСКО бастамасымен биыл дүниежүзінде Абайдың 175 жылдық мерейтойы аталып өтіп жатыр, деп хабарлайды zakon.kz.
«Хабар-24«-тің хабарлауынша, осы халықаралық ұйымның штаб-пәтерінде де бұл мерейтойға арналған іс-шаралар жоспарда бар. Алайда коронавирус пандемиясы кесірінен ол онлайн түрде өтті. ЮНЕСКО ұйымының бас директоры Одре Азуле ұлы ақынымыздың құрметіне үндеу жасады. Ол Абайдың 150 жылдық мерейтойы да ЮНЕСКО-ның қатысуымен өткенін еске салды. Ұйым басшысы Абайды «бүкіл әлемнің ақыны» деп атады. Өйткені хакім Орталық Азия, Ресей мен батыс елдердің әдебиетін жіті зерттеп, Гёте, Байрон мен Пушкин шығармаларын қазақ тіліне аударған болатын.
Одре Азуле, ЮНЕСКО бас директоры:
– Бүкіл ғаламымыз қиын кезеңді бастан кешіп, санитарлық, әлеуметтік, ағарту және мәдениет секілді көптеген салаларда дағдарысқа ұшыраған тұста Абайдың үндеуі өте өзекті болып тұр. «Жазғытұры қалмайды қыстың сызы, Масатыдай құлпырар жердің жүзі», – деп айтқан еді. Біз осы қыстың аяқталуына дайын болуымыз керек. Абай өмір бойы бейбітшілік пен адамгершілікке үндеп келді. ЮНЕСКО және Қазақстан Республикасы бірлесіп, осы өсиетін абыроймен орындап жатыр.