Еліміздегі мектептерге биология оқулығын жазған автор Шымкентте тұрады

Еліміздегі жалпы білім беретін мектептерге оқулық жазған автор Шымкентте тұрады. Биология пәнінің мұғалімі Алина Соловьева қазір балаларға білім берудің жаңа әдісін қолданып жүр.

Ол өзі жазған оқулықтағы дайын еңбектерді оқушыға үйретіп ғана қоймай, оны зерттеп, тәжірибе жүзінде алған тың дүниелерді сабаққа енгізген. Қазір шәкірттері түрлі олимпиадалар мен сайыстарда топ жарып жүр.

Алина Соловьева өзіне берілген 45 минутты оқушылармен тиімді өткізуді дағдыға айналдырған. Ол әр сабағына жаңа әдіс-тәсілдерді қолданады. Яғни, өзі зерттеп, зерделеген, көзін жеткізген технологияны шәкірттеріне ұсынады. Ұсынып қана қоймай, жеңіл түрде түсіндіреді.

Ол ылғи да «Бүгінгі күннің балаларын не қызықтырады? Оларды сабаққа баулудың тіпті оқулыққа тартудың қандай амалы бар?» деген сан сауалдың жауабын тапқан жан. Алинадан дәріс алған түлектер түрлі ғылыми жобалар мен олимпиадалардан жеңіспен оралған. Бүгінде еліміздің білім беру ұйымдарына дәл осындай маман қажет дейді мектеп ұжымы.

Гүлнәз Әбілдаева, №1 А.Пушкин атындағы мектеп-гимназиясының директоры: «Қарапайым мұғалімдердің арасында оқулықтардың авторы жүргеніне, ғылым кандидатының жүргеніне біз өте қуаныштымыз әрі ол мұғалім оқушыларға берген өнегесінен басқа ұстаздардың арасында да беделді. Халықаралық, республикалық деңгейіндегі бірнеше дүркін озып шыққан озып шыққан оқушы шәкірттері бар».

Алина Робертовнаның сабағынан оқушылар себепсіз қалмауға тырысады. Ізденімпаз мұғалім күн сайын тыңғылықты дайындықпен келеді. Ұстаздың әр сағаты санаулы. Мектепке ерте келе қалса, кітапханада білімін байытады.

Ақерке Берекешева, оқушы: «Ол кісінің сабағы қызықты өтеді. Ол сабақ өткенде барлығын жан-жақты қарастырады. Барлығына терең үңіледі. Тілі өте оңай. Ол кісінің кітабын оқыған кезде сол сабаққа кірген кезде біз биология әлеміне кіріп кеткендей боламыз».

Ұлағатты ұстаздың жарық көрген туындылары көп. 2005-2008 жылдары ғылыми-практикалық еңбектері жинақ болып шығыпты. Қала берді, 20-дан астам мақаласы жарық көрген. 2004 жылдан бері мектеп оқулықтарын шығаратын бірлестіктің тұрақты авторы, ал былтырдан бастап орта білім беру ұйымдарында жаңартылған мазмұндағы биология пәнінің жалғыз авторы осы Алина Соловьева.

Алина Соловьева, №1 А.Пушкин атындағы мектеп-гимназиясының биология пәнінің мұғалімі: «Алдағы жоспарда жаңартылған білім мазмұнына қатысты 11-сыныпқа арналған биология пәні оқулығын толық аяқтау тұр. Себебі жаңартылған білім мазмұны бағдарламасы ауыр жазылған. Біз оны барынша оқушыларға жеңіл етіп беруге тырысып жатырмыз. Сосын, қайтадан шәкірттерімді түрлі сайыстарға дайындауға көшпекпін. Үш жыл болды қазір оқулықпен айналысқалы, жаттықтырушы шебер  болудан алыстап қалдым».

Алина бір кездері жоғары оқу орнында да ұстаздық еткен. Дегенмен баламен жұмыс істеу маңызды болғандықтан, мектепке қайта оралыпты. Ол қоғамдық жұмыста да белсенді. №1 А.Пушкин атындағы мектеп гимназиясы ұжымының кәсіподақ комитетінің төрайымы. «Білім беру ісінің үздік қызметкері», «Жыл мұғалімі», сондай-ақ Мемлекет басшысынан алған «Ерен Еңбегі үшін» атағы оны биік белестерге талпындырады.

24.kz

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *