Мамин экономиканы қалпына келтіру жағынан артта қалған өңірлерді атады

Премьер пандемия мен жаһандық экономикалық дағдарысқа қарамастан, Қазақстан экономикасында көрсеткіштер біртіндеп өскенін атап өтті

 Мұнай-газ секторындағы өндіру көлемінің төмендеуіне байланысты Қызылорда, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында әлеуметтік-экономикалық даму өсімі төмен. Бұл туралы премьер-министр Асқар Мамин мәлімдеді, деп хабарлады Sputnik Қазақстан тілшісі.

Үкімет басшысы 9 айдың қорытындысы бойынша экономиканың негізгі салаларында өсудің оң серпіні сақталғанын атап өтті. Өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, ауыл шаруашылығы, тау-кен, қызметтер саласында өсім бар.

«Қызметтер секторындағы өсім шағын және орта бизнес қызметінің жанданғанын көрсетеді. Ал бұл жаңа жұмыс орындарын, азаматтардың әл-ауқатының жақсаруын білдіреді. Көрсеткіштердің орнықты өсу қарқыны жалпы экономиканың қалыпқа келгенінің белгісі болып табылады», — деді Мамин үкімет отырысында.

Жыл басынан бері жеті өңір 5 негізгі көрсеткіш бойынша әлеуметтік-экономикалық дамудың өсуін қамтамасыз етті. Бұл – Ақмола, Алматы, Жамбыл, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары және Шымкент қаласы.

Жеті өңірде – Ақтөбе, Қарағанды, Маңғыстау, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстары және Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында 4 көрсеткіш бойынша оң серпін байқалады.

«Қызылорда, Атырау және Батыс Қазақстан облыстары бұрынғыдай артта қалған өңірлердің қатарында. Бұл, негізінен, мұнай-газ секторындағы өндіру көлемінің төмендеуіне байланысты. Осы облыстардың әкімдері жағдайды жақсарту үшін тиісті шаралар қабылдауы қажет. Барлық өңір президент қойған міндеттерді тиімді іске асыру үшін жұмысты жандандыруы керек», — деді премьер.

Ол пандемия мен жаһандық экономикалық дағдарысқа қарамастан, Қазақстан экономикасында көрсеткіштер біртіндеп өскенін атап өтті.

Мамин жыл соңына дейін бюджеттің кіріс бөлігіне қатысты жоспарды жүз пайыз орындауды тапсырды.
Сонымен қатар, орталық және жергілікті атқарушы органдардың басшылары жыл соңына дейін бюджет қаржысын тиімді игеруді қамтамасыз етуі тиіс, деді премьер-министр.

Бұған дейін қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев 9 айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік органдар 20 миллиард теңгені игермегенін мәлімдеген еді.

https://sputnik.kz/economy/20201013/15186357/Mamin-ekonomika-onirler.html

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *