Түркістанда call-орталық маманы сәбиді өлімнен арашалап қалды

Түркістанда call-орталық маманы сәбиді өлімнен арашалап қалды

Дәрі нәрестенің өңешіне тұрып қалып, тұншыға бастаған.

Сурет : ТО ӨКҚ12 Қазан 2020, 16:03

Түркістан облыстық медициналық жедел-жәрдем қызметінің Call-орталығына Сарыағаш ауданынан 1 жасар сәбидің дәрінің үш данасын жұтып, қақалғандығы туралы шақырту түскен, деп хабарлады zakon.kz Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Дәрі нәрестенің өңешіне тұрып қалып, тұншыға бастаған. Құтқару тобы шақыртуға шұғыл аттанып, 6 минутта жеткен. Бірақ олар келгенше диспетчер Құрбанай Латипова телефон арқылы баланың ата-анасына кеңес бере отырып, тыныс жолдарын ашуға жәрдем берген. Алғашқы медициналық жедел-жәрдем дер кезінде көрсетіліп, нәресте өлімнен аман қалған. Қазір тынысы еркін және жағдайы жақсы.

«Сәбиді құтқаруда ата-анасына кеңес беріп жатып, қобалжуға жол бермеуге тырыстым. Өйткені әрбір минут сол сәтте өте маңызды еді. Көмегім сәтті аяқталғанда көзімнен жас тамшылап кетті. Жедел-жәрдем қызметінің Call-орталығында диспетчер болып жұмыс істегеніме 1 жарым жыл болды. Әр шақырту адам өмірін құтқаруда аса маңызды екенін түсінемін. Қызметіміз үлкен жауапкершілікті талап етеді», — дейді Құрбанай Латипова.

Жалпы, Түркістан облыстық медициналық жедел-жәрдем қызметіне жыл басынан бері 500 мыңға жуық шақырту түскен. Оның ішінде балалардың бөгде затқа қақалу оқиғалары 169 рет тіркелген. Дәрігерлер осы орайда балаларға аса мұқият болу керектігін ескертеді.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *