Жасөспірімдерді желі арқылы өлімге жетелеген: интернетте қауіпті топтар көбеюде
Жасөспірімдерді желі арқылы өлімге жетелеген: интернетте қауіпті топтар көбеюде
Интернет арқылы өрімдей ұл-қыздарды өлімге итеретіндер бастапқыда ешқандай күдік келтірмейді. Балаларға тек ойын түріндегі тапсырмалар береді. Бірақ ақыры өлімге алып барады. Мұны біреу білсе, біреу білмейді. Осындай ойыннан талай отбасы зар иледі, деп хабарлайды Sputnik.кз 24.kz. -ке сілтеме жасап.
Мектеп оқушысы Камиланың сыныптасы әлеуметтік желідегі қара ниеттілердің құрығына ілінген. Құрбысының тұзаққа түскенін ол бірден аңғармаған. Уақыт өте келе өзімен бірге оқитын қыздың өзгергенін байқайды. Тұйық, ашушаң бола бастапты. Сыныптасымен ебін тауып сөйлесіп, ақыры оның қандай жағдайға тап болғанын біледі.
Жасөспірім әлеуметтік желіде бастапқыда тек ойын деп қабылдап, бір топқа кіргенін айтқан. Қызықты болған. Алғашқыда «сурет сал, суретке түс» деген сынды тапсырмалар беріп отырған. Соңында енді «өз тамырыңды кес» деген.
«Ал әлеуметтік желіде отырған кураторлар «егер тамырыңды кеспесең, біз сенің ата-анаңды өлтіреміз, мекен-жайларыңды білеміз» деп қорқытқан. Осыдан соң сыныптасым тамырын кескенін айтты. Осы жағдайдың бәрін құрбымның өзі баяндап бергенде есеңгіреп қалдым», – дейді зардап шеккен қыздың құрбысы Камилла.
Бұл сұмдықты бірінші болып білген қос қыздың сынып жетекшісі. Кейін тек Камилланың құрбысы емес, өзге де сыныптастары осы ойынды ойнағандарын айтқан. Балалармен психологтар жұмыс істеген. Әйтеуір мұның соңы тыныш аяқталған. Арыстықтар бұл оқиғаны ұмыта бастап еді. Алайда, көп уақыт өтпей, жасөспірімдерді желі арқылы өлімге жетелейтін тағы да бір күдікті құрыққа ілінген. Бұл да осы Арыс қаласында.
«Түркістан облысы Арыс қаласы тұрғынының осындай суицидтік ойындарға жетекшілік еткені анықталып, ұсталды. Ол өзі құрған телеграм каналдарды пайдаланып, жасөспірімдерді өлімге шақырған. Қазір тергеу, тексеру амалдары жүргізілуде», – дейді криминалды полиция департаментінің аға жедел уәкілі Әлібек Оразалы.
Жедел уәкілдің айтуынша, әлеуметтік желідегі мұндай арампиғылды адамдарды ұстау оңай емес. Өйткені, олар үнемі белсенді болмайды. Жұмыстарын аракідік жүргізіп тұрады. Сондықтан гаджеттің дәуірі жүріп тұрғанда балаға абай болған жөн.
«Ұл-қыздың әрбір әрекетіне жіті мән беру керек. Бала өзін қалай сезініп тұр, не ойлап жүр. Міне, осының бәрін сұрап, саралап отыру қажет», – дейді суицидолог Екатерина Миронова.
Бүгінде ішкі істер министрлігінде ғаламтор, әлеуметтік желіге арнайы мониторинг жүргізіп отыратын тұтас департамент бар. Егер қандай да бір күдік туындаса әлгі топ яки парақша бұғатталады. Бірақ жаңалары да пайда болып жатады. Сондықтан әр баланы үйдегі ересектер жіті қадағаласа, дейді мамандар.
https://sputnik.kz/society/20201012/15176565/Zhasospirimder-olim-Arys.html