ӘСКЕРИ БӨЛІМНЕН ҚАРУ-ЖАРАҚ ҰРЛАҒАН БҰРЫНҒЫ КІШІ СЕРЖАНТ 10 ЖЫЛҒА СОТТАЛДЫ
Түркістан облысы Бадам елді мекенінің маңындағы әскери бөлімнен қару-жарақ ұрлаған бұрынғы кіші сержант Абылай Балғынбаев 10 жылға сотталды. Ол сондай ақ сот үкімімен кіші сержант әскери шенінен де айрылды. Шымкент гарнизоны әскери сотының судьясы Жамила Төленова соңғы үкімде айыпталушыны жазасын қылмыстық атқару жүйесінің орта қауіпсіздік мекемесінде өтеуге кесті.
Мерзімін өтеу 2020 жылдың 2 ақпанынан бастап есептелетінін атап өтті. Бұрынғы кіші сержант биылғы жылдың ақпан айында әскери бөлімнен 29 дана АК-74 автоматы мен 400-ден астам оқ-дәрі және 16 Макаров тапаншасын ұрлағаны үшін қамауға алынған еді. Сотталған Абылай Балғынбай ұрланған атыс қарулардың біразын өз үйінде, 8 тапаншаны Бадам ауылының сыртындағы мұсылман мазараты ішіне тығып сақтаған. Сот шешімімен ұрланған қаруды сатуға көмектескен екі студенттің бірі 3 жыл темір торға қамалса, екіншісі 1 миллион 219 мың теңге айыппұлмен жазадан құтылды.
Сондай-ақ, осы іске қатысы бар тағы 4 айыпталушы 3 жылдан 8 жылға дейін сотталды. Олардың әрқайсы 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни қазынаға 56 мың теңге құюға міндеттелді. Ал, әскери бөлімнің командирі міндетін сол кезде уақытша атқарған Дауытов бұл істен шеттетілді. Өйткені қылмыскер Абылай Балғынбайдың шағымы бойынша оның үстінен Қылмыстық кодекстің бірнеше бабымен тергеу жүруде.