«Қой бақтым, барахолкада жұмыс істедім» — Ертаев сотта соңғы сөзін айтты
«Қой бақтым, барахолкада жұмыс істедім» — Ертаев сотта соңғы сөзін айтты
Алматы қаласының Алмалы аудандық сотында Bank RBK-дан 144 миллиард теңге ұрлады деген айыпталушыға қатысты сот отырысы өтіп жатыр. Сот алдына 36 банкир келді. Олар сотта соңғы сөзін айтты, — деп хабарлады Tengrinews.kz тілшісі.
Істің бас фигуранты — белгілі экс-банкир Жомарт Ертаев. Бұған дейін мемлекеттік айыптаушы оған 11 жыл бас бостандығынан айыруды сұраған болатын. Сотталушы өзінің соңғы сөзінде жасаған қылмысына өкінетінін айтты. Tengrinews.kz тілшісі Ертаевтың сөздерін толық келтіреді:
«Бұл іс мен үшін 2017 жылы басталды, ал 2018 жылдың 8 мамырынан бастап мен қамауда отырмын. Содан бері көп уақыт өтті. Айтуға болатын барлық нәрсе айтылды. Біз тергеуге және сізге, құрметті сотқа, осы қиын істі түсінуге көмектесуге тырыстық. Біз мұны жасадық деп үміттенемін және сіз бірнеше жыл бойы болған оқиғалардың нақты бейнесін көре алдыңыз.
Менің ойымша, сізге сотталушылардың көбінің бұл іске қатысы бар екені анық. Бұл ретте менің рөлімді асыра бағалау және ақтап алу қиын. Ақша бақыт әкелмейді. Нәтижесінде мен бәрін жоғалттым: бостандық, бедел, ақша. Әлі қоғамда көп жылдар бойы «Ертаевтың қатесін қайталамаңыз» деп айтатын шығар.
Әрине, мен бұған лайықпын. Өз мансабымның басында мен өзімді байыту міндетін қоймадым. Мен өзімді әлемді жақсы жаққа өзгерте алатын миссионер ретінде көрдім. Бірақ мен әдемі өмірге құмар болдым.
Бостандыққа шыққанда немен айналысамын? Бұл сұрақ әрдайым менің миымда тұрады. Мен өзім үшін жәбірленуші тараппен түпкілікті есеп айырысып, оныңтуыстары мен достарына қамқорлық жасау үшін бәрін жасаймын деп шештім.
Соңғы сөз ретінде мен бәрінен, ең алдымен туыстарымнан және достарымнан шын жүректен кешірім сұраймын. Бізді ақымақтарды кешіріңіздер. Ұстамдылығы, қолдауы және кәсібилігі үшін қорғаушыма алғыс айтқым келеді.
Құрметті сот, адвокатым екеуміз сотқа оң мінездеме бере алмадық. Бұл қазір қаншалықты таңғаларлық болса да, өткен өмірімде мен шынымен мақтана алатын көп нәрсе бар. Мен жаһандық бизнес-жобаларды құруға қатыстым, төрт күндік жұмыс аптасын енгіздім, қайырымдылықпен айналыстым. Кедей отбасында дүниеге келдім. Еден жуып, қой бағып, барахолкада жұмыс істедім.
Анам мені протестанттық этика рухында тәрбиеледі, оның мәні Құдайға сену және еңбек. Мен иелік еткен немесе басқарған компаниялар әрқашан үнемі салық төлейтін. Саналы өмірімде мен 10 мыңнан аса жұмыс орнын құра алдым. Мен адал жолмен ақша таба аламын. Мен үшін олар қазір басты емес. Қазір тек жәбірленуші тараппен есеп айырысып, балаларымды аяққа тұрғызып, баянды өмір сүргім келді», — деді Жомарт Ертаев соңғы сөзінде.
Bank RBK-дан 144 миллиард теңге жымқыру ісіне қатысты сот өткен жылдың аяғында басталған. Тергеу деректеріне сүйенсек, қылмыс 2011-2017 жылдар аралығында жасалған. Қылмыстық іс 46 эпизод және 700 томнан тұрады. Айыптау актісінде 3600-дан аса парақша бар.