ШЫМКЕНТ: ЫЛҒАЛДЫ МАЙЛЫҚТАР ӨНДІРЕТІН ФАБРИКА ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

ШЫМКЕНТ: ЫЛҒАЛДЫ МАЙЛЫҚТАР ӨНДІРЕТІН ФАБРИКА ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Бүгін Шымкент қаласындағы «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында «DALSAN» компаниясының ылғалды майлықтар өндіретін фабрикасы іске қосылды. Кәсіпорынның онлайн режимде өткен ашылу салтанатына Қазақстанның Түркиядағы төтенше және өкілетті елшісі Абзал Сапарбекұлы, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров, «KazakhInvest» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Бауыржан Сартбаев, «Dalsan (ДАЛСАН)» ЖШС-нің құрылтайшысы Дал Халил және Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қатысып, құттықтау сөздерін арнады.

Жаңа фабрика толығымен түрік инвесторларының қаржысына салынған.
Мұнда әзірге 12 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Ал, кәсіпорын толық қуатымен жұмыс істей бастаған кезде 45 адам еңбек ететін болады.

— Шымкентте өнеркәсіптің дамуына барынша қолайлы жағдай жасалуда. Қазір 2 индустриалды, 1 сауда-логистикалық және бір арнайы экономикалық аймақ жұмыс істеп тұр. Онда жалпы құны 270 миллиард теңгені құрайтын 176 жоба жүзеге асуда. 10 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылған. Күні кеше агро-индустриалды аймақтың құрылысы басталды. Сондай-ақ, «Жұлдыз» индустриалды аймағын ашу да жоспарланып отыр, — деді Мұрат Дүйсенбекұлы.

Қала әкімі іске қосылып отырған фабрика қазақ-түрік сауда-экономикалық байланыстарын нығайту жолындағы кезекті қадам екенін айтып өтті.

Жаңадан ашылған фабрика «Eli» маркалы ылғалды майлықтың жылына 300 мың қаптамасын өндіре алады. Бұл тауарлар барлық халықаралық стандарттарға сәйкес келеді.
Компания өз өнімін ішкі нарыққа сатуды жоспарлап отыр.

Айта кетейік, «Dalsan» компаниясы ашқан бұл фабрика «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында түрік инвесторларының қаржыландыруымен жүзеге асқан үшінші жоба.

Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *