Мемлекет басшысы «Милх» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне барды
– Жолдаудың әр сөзін ой елегінен өткізіп отырып, жұмыс істедім. Бұл құжат менің өз қаламымнан шықты. Артық айтылған ештеңе жоқ, бәрін іске асыруға болады. Барлық басшыларды, кәсіпкерлерді Жолдауды толық жүзеге асыруға белсенді атсалысуға шақырамын, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Жұмыспен қамтудың жол картасын іске асырудың да маңызды екенін атап өтті.
– Жұмыспен қамтудың жол картасы мемлекет пен Үкіметке қойылған міндеттерді жүзеге асыру тұрғысынан өте маңызды. Белгілі себептерге байланысты шешімін таппаған көптеген міндеттер, қазіргі уақытта, Жұмыспен қамтудың жол картасы арқылы орындалуда. Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы да, әлеуметтік инфрақұрылым мәселелері де шешімін тауып келеді, – деді Президент.
Мемлекет басшысы сөз соңында кәсіпорын басшылығына қайырымдылық және әлеуметтік жобаларды іске асырғаны үшін алғыс білдірді. Кездесуге қатысушылар Президент бастамасы бойынша өткізіліп отырған реформаларға қолдау білдіріп, Жолдауда айтылған мақсаттарға қол жеткізуге белсенді атсалысуға дайын екендерін айтты.