СОЛТҮСТІККЕ ҚОНЫС АУДАРУШЫЛАРДЫҢ 40 ПАЙЫЗЫ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНАН

Түркістан облысында ағымдағы жылдың 9 айында 30 436 отбасыға (173 620 адам) жалпы сомасы 12769 млн.теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. Бүгін бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мұхит Отаршиев мәлімдеді.
Басқарма басшысының айтуынша, шартты ақшалай көмек алушылардың өз кәсібін ашу үшін кіші бизнес жобалар әзірленіп, нәтижесінде 15 127 отбасы 17 мыңға жуық ірі қара мал және 14 500 уақ мал алып, 1689 отбасы құс шаруашылығымен шұғылданып отыр. Сондай-ақ, халыққа қызмет көрсету арқылы жалпы 15 127 отбасы ішінен 2580 адам өз ісін ашқан.
«Айта кетерлігі, республиканың солтүстік өңірлеріне халықтың өз еркімен қоныс аударуы жанданып келеді. Аталған кезеңде облысымыздан 263 отбасы, яғни 1112 адам  қоныс аударып, тиісті төлемдерді алуда. Бұл республика бойынша солтүстікке қоныс аударған адамдардың 40 пайызын құрап отыр», — деді Мұхит Баймұханбетұлы.
Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен ардагерлерді  әлеуметтік қолдау бойынша ағымдағы жылы барлық бюджеттер есебінен 8,6 млрд. теңге қаралып, мүмкіндігі шектеулі азаматтар 64 мыңға жуық техникалық көмекші құралдармен және әлеуметтік қызметтермен қамтамасыз етілген.
Зейнеткерлерге әлеуметтік қолдау көрсету бойынша 7800 зейнеткер басқармаға қарасты «Ардагерлер» және «Мейір» сауықтыру кешендеріне жолдама алған. 80 жастан асқан жалғызілікті 310 қарияның  зейнетақыларына ай сайын жергілікті бюджет есебінен 1 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде көмек беріліп келеді.  Ағымдағы жылдың 1 қазанындағы көрсеткіш бойынша облыста арнаулы әлеуметтік қызметтермен мұқтаж азаматтардың 99,7 пайызы  қамтылған.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *