Үсік жүреді – қыркүйекте ауа райы қандай болады
Үсік жүреді – қыркүйекте ауа райы қандай болады
© Photo : СС0 / oldperm
Күздің басында Қазақстан аумағында ыстық ауа райы сақталады. Ауа температурасы қыркүйектің алғашқы онкүндігінде төмендейді, деп жазды Sputnik.
2020 жылдың қыркүйегінде орташа ауа температурасы республиканың басым бөлігінде нормадан 1°С жоғары, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Павлодар облыстарында, Қостанай, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Алматы облыстарының басым бөлігінде норма шамасында болады.
Ал Шығыс Қазақстан, Алматы облыстарының таулы және тау бөктеріндегі аудандарда ауа температурасы нормадан 1°С-қа төмен болады деп болжанып отыр.
Үсік жүреді
«Қазақстанның басым бөлігінде айдың бірінші жартысында, оңтүстік облыстарда айдың соңында үсік жүруі мүмкін. Алайда консультативтік болжамға сәйкес, -5 градусқа дейін үсік солтүстік өңірлерде қыркүйектің екінші онкүндігінде, ал оңтүстікте үшінші онкүндікте болады», — делінген «Қазгидромет» ақпаратында.
Жауын-шашын мөлшері норма шамасында
Синоптиктердің болжамына сәйкес, қыркүйекте жауын-шашын тамызбен салыстырғанда аз түседі. Оған температураның төмендеуі кезінде ауа құрамындағы ылғалдың азаюы себеп болып отыр.
«Қыркүйекте жауын-шашын мөлшері республиканың басым бөлігінде норма шамасында түседі. Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Ақмола, Шығыс Қазақстан облыстарының басым бөлігінде, Қостанай облысының солтүстігінде, Алматы облысының оңтүстік-шығысында, Жамбыл, Түркістан облыстарының таулы және тау бөктеріндегі аудандарда нормадан көп жауады», — деген болжам жасады синоптиктер.
Ал Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда облыстарында, Қарағанды облысының батысында жауын-шашын нормадан аз жауады.
Күздің басында Қазақстан аумағында ыстық ауа райы сақталады. 3-6 қыркүйекте белсенді циклонның ықпалымен республиканың басым бөлігінде ауа массаларының ауысуы болады. Жел 15-25 м/с дейін күшейіп, жаңбыр жауады.
Ауа температурасы төмендейді
Қыркүйектің алғашқы он күнінде ауа температурасы төмендейді. Соған сәйкес, республиканың батысында түнде +15+20°С-тан +7+15°С-қа дейін, күндіз +27+38°С-тан +20+27°С-қа дейін төмендейді деп болжанды.
Солтүстік пен орталықта түнде +10+18°С-тан +2+10°С-қа дейін, күндіз +25+30°С-тан +10+20°С-қа дейін төмендейді.
Онкүндіктің екінші жартысында ауа температурасы оңтүстік, оңтүстік-шығыста түнде +13+22°С-тан +7+15°С-қа дейін, күндіз +30+36°С-тан +21+28°С-қа дейін төмендейді деген болжам жасалды.
Онкүндіктің соңында шығыста түнде ауа температурасы түнде +2+10°С, күндіз +15+25°С шамасында болады.
Алғашқы онкүндіктің соңында еліміздің басым бөлігінде күн қайтадан жылынады. Қыркүйектің екінші және үшінші онкүндігінде Қазақстанның солтүстігінде, орталығында және шығысында түнде +5+13°С-тан -5+5°С-қа дейін, күндіз +20+28°С-тан +15+20°С-қа дейін өзгереді.
Республиканың оңтүстігі мен батысында түнде +5+15°С-тан 0,+5°С-қа дейін, күндіз +25+35°С-тан +10+20°С-қа дейін төмендейді.
/sputniknews.kz/regions/20200901/14854473/qyrkyiekte-aua-rayi.html