ШЫМКЕНТ: «ЕҢБЕК» БАҒДАРЛАМАСЫМЕН 600-ГЕ ЖУЫҚ МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ АЗАМАТ ЖҰМЫСҚА ОРНАЛАСҚАН
ШЫМКЕНТ: «ЕҢБЕК» БАҒДАРЛАМАСЫМЕН 600-ГЕ ЖУЫҚ МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ АЗАМАТ ЖҰМЫСҚА ОРНАЛАСҚАН
Шымкент қаласында жыл басынан бері «Еңбек» бағдарламасы аясында 600-ге жуық мүмкіндігі шектеулі азамат жұмысқа орналастырылды. Оның 279-ы тұрақты жұмысқа орналасқан болса, 12-і әлеуметтік жұмысқа, 190 азамат қоғамдық жұмыстарға, 80 азамат инфрақұрылымдық жұмысқа жіберілген. Ал 29-ы жастар практикасы жобасы көмегімен алғашқы тәжірибе жинақтады. Бұл туралы қала әкімдігінің Халықты жұмыспен қамту орталығы мәлімдеді.
Халықты жұмыспен қамту орталығы еңбекке қабілеті бар барлық мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жұмыспен қамту саласында мемлекеттік қызметтер түрін ұсынады. Атап айтқанда жұмыспен қамтуға ықпал ету, кәсіби даярлау, жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысуға, жаңа бизнес-жоспарын дамытып грант алуға, арнайы жұмыс орындарын құру сынды қызметтер көрсетеді.
Жалпы І,ІІ,ІІІ топтағы мүгедектер жұмысқа жарамды анықтамалары арқылы жұмысқа орналаса алады. Оның І, ІІ топтағыларының толық емес жұмыс уақыты белгіленген, яғни 8 сағат емес 6-сағат жұмыс жасайды.
Қазіргі таңда Шымкент қаласында 38 124 мүмкіндігі шектеулі азамат тіркелген. Оның ішінде 3 681-і бірінші топтағы мүгедектер болса, 16 мыңнан астамы екінші топтағы мүгедектер, ал 12283-і үшінші топтағы мүгедектер.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі