Шымкентте үш бала уланып қайтыс болды: дезинсектор 10 жылға сотталуы мүмкін
Шымкентте үш бала уланып қайтыс болды: дезинсектор 10 жылға сотталуы мүмкін
Шымкентте үш бала уланып қайтыс болды. Оған кінәлі деп күдікке алынған дезинсектор он жылға қамалуы мүмкін. Осы іс бойынша сот отырысы басталды, — деп хабарлады Tengrinews.kz тілшісі «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.
Дезинсектор «санитарлық нормаларды бұзды және адам өліміне әкеп соқты» деген бап бойынша сотталып жатыр.
«Аталған тұлға ҚР ҚК 304-бабы 1, 2 және 3-бөлімінде қарастырылған қылмыстық құқықбұзушылық бойынша кінәлі деп айыпталып отыр. Бұл норма 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру және осы қызметпен айналысуға тыйым салу жазасын қарастырады», — деді Шымкент қаласы Еңбекші ауданының судьясы Қайрат Ізбасаров.
Еске салайық, алғашқы жағдай 2019 жылғы қарашада болған. 11 айлық бала мен оның 4 жасар ағасы белгісіз заттан уланып, ауруханада қайтыс болды. Сол кезде олардың ата-анасы мен әпкесі де зардап шеккен. 2 айдан кейін тағы осындай жағдай қайталанды. Шымкенттегі көпқабатты үйлердің бірінде отбасы мүшелері түгел уланып, 8 айлық қыз көз жұмды.
Мамандар екі қайғылы жағдайға улы химикаттардың газы себеп болғанын анықтады. Ол дезинсекция жасалған көрші пәтерлерге тараған. Сарапшылар пәтерлер ауыл шаруашылығында пайдаланылатын өте қатты затпен тазартылғанын айтты. Содан кейін жергілікті полиция дезинсекторды ұстады. 42 жастағы ер адамның мұндай жұмыспен айналысуға рұқсаты да жоқ екен.